Фейк: «ПТР талдауға арналған жиынтықтарда 5G сигналын қабылдап, миды бақылайтын гидрогель бар»
Қазақстандықтар Telegram-чаттарда ПТР тестілеудің қауіптілігі туралы жаңа теорияны белсенді түрде таратуда. Бұл жолы қастандық теориясын жақтаушылар талдау үшін биоматериал алатын зондтарда 5G сигналын қабылдайтын және адамдардың санасын басқаратын DARPA ұйымының әскери күштері әзірлеген гидрогель бар деп мәлімдеді. Бұл жалған.
ПТР тестілеу жиынтығындағы ерекше гидрогель туралы бірінші болып доктор Кэрри Мадей айтқан. Ол вакциналар адамдардың ДНҚ-н өзгерте алады, кейіннен екпе жасатқан барлық адамдарды миллиардерлер патенттеп, меншігіне алады деген жалған теорияларымен желіде танымал болды. Бұл ақпараттың жалған екендігі туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Фейк: «COVID-19 қарсы вакцина ДНҚ өзгертеді, ал миллиардерлер екпе жасатқан адамдарды патенттейді»
Доктор Мадейдің 5G сигналдарын қабылдауға қабілетті гидрогель туралы гипотезасы да негізсіз.
Гидрогель 1961 жылы шыққан. Оны чех химигі Отто Вихтерле ойлап тапқан. Гидрогель – бұл ылғалды сіңіруге қабілетті супер сіңіргіш полимер. Гидрогельдер құрамында 90% дейін су болуы мүмкін, бірақ олар сұйықтықта ерімейді.
Бастапқыда Отто Вихтерле гидрогельді жұмсақ контактілі линзалар шығару үшін қолданған.
Кейіннен гидрогель гигиеналық майлықтар, сәбилерге арналған бір реттік жаялықтар, желімдер, топырақ ылғалдандырғыштар және т.б. тұрмыстық заттарды жасау үшін қолданыла бастады. Гидрогель медицинада да кеңінен пайдаланылады – оның көмегімен импланттар, дәрі-дәрмектің кейбір түрлеріне арналған қабықтар, күйік жапсырғыштары және т.б. жасалады.
DARPA қорғаныс саласындағы перспективалық ғылыми-зерттеу жобалары агенттігі де гидрогельді зерттеп, оны қолдану аясын кеңейтумен айналысады. Атап айтқанда, мамандар оның негізінде «Ақылды таңғыштар» шығаруды ұсынады, олар ауыр жаралар мен күйіктерді тиімді және тез емдей алады.
Алайда, DARPA да, басқа әзірлеушілер де ПТР талдауы жиынтықтарына гидрогель қосу туралы ешқашан айтқан емес. Қазіргі кезде қолданылатын полиэстер мен вискоза зондтары ПТР тест үшін биоматериал алу функциясын жақсы атқарады.
Гидрогель интернет сигналдарын қабылдай алады деген болжам ғылымға қарсы. Радиотолқындар, 4G немесе 5G толқындары болсын, кез келген сигналды қабылдау үшін кем дегенде бір антенна қажет. Бұл ретте оның ұзындығы толқын ұзындығына көбейтіледі. 5G үшін ол 7,1 миллиметрді құрайды. Мұндай антеннаны көзбен көруге болатыны анық. ПТР талдау жиынтықтарында ол жоқ.
Хабарламада гидрогель адам үшін аса қауіпті делінген, алайда, бұған ешқандай нақты дәлелдер жоқ. Гидрогель ондаған жылдар бойы тұрмыста және медицинада қолданылып келеді. Бұл затты ұстағаннан кейін өлімге әкелгеетін аурулардың даму жағдайлары тіркелмеген.
Қорыта айтқанда, ПТР тестілеу жиынтықтарында 5G сигналдарын қабылдай алатын қауіпті гидрогель бар деген теория ғылыми фактілер мен физика заңдарына қайшы. Жаңа буындағы интернет байланыс арқылы сананы басқару идеялары бірнеше рет теріске шығарылған танымал қастандық теориясы болып табылады.
Бұған дейін қазақстандықтар осыған ұқсас хабарлама таратқан болатын, онда биоматериал алуға арналған зондтардың ұшындағы металл қапсырмалар 5G сигналдарын қабылдайтын болады делінген. Бұл идея жоққа шығарылды.