Fake News

Фейк: «Маймыл шешегі- бұл COVID 2.0»

Қазақстандықтар неміс адвокаты Рейнер Фулмихтің маймыл шешегі – бұл жаңа пандемия ұйымдастырып, адамзатты құлдыққа түсіруге бағытталған әлдебір әлемдік үкіметтің екінші жоспары деп мәлімдеген бейнесұхбатын таратуда. Оның пікірінше, біріншісі, COVID-19 адамдардың көбі «көзін ашқандықтан» «сәтсіздікке ұшырады». Мұның бәрі фейк және конспирология.


COVID-19 және маймыл шешегі – екі түрлі ауру, олардың қоздырғыштары, белгілері, клиникалық көріністері және басқа да сипаттамалары әртүрлі. COVID-19-ды SARS-CoV-2 коронавирусы тудырады және қызудың көтерілуі, тыныс алудың қиындауы, жөтел, бұлшықет ауруы, әлсіздік, иіс пен дәм сезу қабілетінен айырылу сияқты белгілері болады. Аурудың ауыр ағымында өкпенің зақымдануына және пневмонияға әкелуі мүмкін. Бұл ауа тамшы жолдарымен берілетін жұқпалы ауру.
Ал маймыл шешегі ауруы Poxviridae тобындағы ортопоксвирустар тобына жататын маймыл шешек вирусынан туындайды. Бұл дертке тән белгілер – қызудың көтерлуі, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және теріге сырттай желшешек кезінде болатын бөртпелерге ұқсас бөртпелер шығады.  Маймыл шешегі ауру жұқтырған жануардан адамға биологиялық сұйықтықтар арқылы беріледі. Адамнан адамға ұзақ және тығыз байланыс кезінде жұғады. 
Маймыл шешегі ауруы бүкіл әлемге таралып, COVID-19 пандемиясының деңгейіне жетеді деген болжамдар негізсіз.
COVID-19 адамзатқа 2019 жылдың соңына дейін белгісіз болды. Ғалымдар Уханьда пневмонияның өршуіне не себеп болғанын білмеді және патогенді тапқаннан кейін оның жұқпалылығын, сипаттамаларын анықтау, оған қарсы вакциналар мен науқастарды емдеу схемаларын жасау бағытында жұмыс істеді.
Маймыл шешек ауруына келсек, бұл ретте жағдай мүлдем басқаша. Бұл ауру туралы адамзат 1958 жылдан бері біледі. Дәрігерлерге дертке шалдыққандардың жағдайын жеңілдету және өлімге жол бермеудің жолдары мәлім, ал табиғи шешекке қарсы вакциналар маймыл шешек ауруынан да қорғайды.
Демек, маймыл шешегінің тағы бір пандемияға айналу мүмкіндігі өте аз. Маймыл шешек вирусының жұққыштығы өте төмен, әлемде аурудың таралуын болдырмау үшін табиғи шешекке қарсы вакциналар жеткілікті. 
Сондай-ақ, маймыл шешегі Африканың кейбір елдеріне тән ауру екенін атап өткен жөн, онда жекелеген жағдайлар үнемі тіркеледі. Ауру үшін эндемикалық емес елдерде де ауру ошақтары тіркелген. Мысалы, 2003 жылы АҚШ-та бірнеше науқас анықталды. Ал 2018, 2019 және 2021 жылдары Еуропаның әртүрлі елдерінде жекелеген жағдайлар болды. Ол кезде пандемия болған жоқ, ауқымды локдаундар енгізілмеді.
Маймыл шешек вирусы қандай да бір зертханадан қасақана немесе кездейсоқ шығарылуы мүмкін деген болжамдар дәлелсіз және конспирология болып табылады. Мұндай жағдайдың орын алуы мүмкін екендігіне ешқандай негіз жоқ. 
Демек, адвокат Рейнер Фулмихтің мәлімдемесі ұсынылған ақпарат – фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button