Жамбыл облысындағы зорлау туралы хабарлама – фейк
Белгісіз біреулер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде зорлау туралы хабарлама таратуда. Мәтінде ұлтаралық алауыздықты қоздыру белгісі байқалады. Хабарлама авторының айтуынша, бұл жағдай Жамбыл облысының Талас ауданында орын алған.
StopFake редакцисы Жамбыл облысының Полиция департаментіне хабарласып, мән-жайды анықтады. Таратылып отырған ақпарат расталған жоқ.
«Белгілі болғандай, әйел мен ер адам таныс болған, олар бірге спирттік ішімдік ішкен, салдарынан олардың арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. Олардың жеке басын тексеру кезінде екеуінің де созылмалы маскүнемдер ретінде тіркелгені анықталды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 107-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, күдікті Талас ауданының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция қызметкерлері тұрғындардан қауесетке сенбеуге және арандатушылыққа бой алдырмауды сұрайды. Тек ресми дереккөздерге ғана сенуге үндейді.
Еске сала кетейік, көрінеу жалған ақпарат таратқан үшін Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.