Дәлелсіз: «АҚШ пен Ұлыбритания COVID-19 қарсы вакцинаның жанама әсерлерін жасыру туралы құпия келісім жасасқан»
Қазнетте АҚШ пен Ұлыбритания арасында COVID-19 қарсы вакциналардың жанама әсерлері жөніндегі деректерді жасыру нысанасы болып табылатын құпия келісімнің бар екендігі жайлы дәлелдер анықталғаны туралы ақпарат тарады. Бұған ешқандай дәлел жоқ.
Құпия келісім туралы айта келе, пост авторы коммерциялық емес Judicial Watch жобасының негізін қалаушы Том Фиттонға сүйенеді. Оның ұйымы екі ел арасындағы келісімді растайтын құпия құжаттарды алған екен.
Бұл ақпарат көзі қаншалықты сенімді? Анықтайық.
Том Фиттонның өзі де біртүрлі адам. 2020 жылы ол АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трампқа сайлаушылардың дауыстары саналмай тұрып-ақ жеңіске жеткені туралы фейк сөзін жазуға көмектестім деген мәлімдемесінен кейін танымал болды. Сондай-ақ Фиттон заңгер болмаса да, көпшілік алдында заң сарапшысы ретінде сөз сөйлейді.
Ол негізін қалаған Judicial Watch ұйымы Үкіметтің «қылмыстарын» зерттеп, әртүрлі мемлекеттік органдармен соттасуда. Ad Fontes Media-ның БАҚ-тың біржақтылығын анықтау жөніндегі тәуелсіз жобасының бағалауына сәйкес, Judicial Watch ұйымының қызметі ультра оңшыл идеологияның барлық белгілері бар және ол таратқан ақпарат ұдайы сенімді бола бермейді. Жалпы, Judicial Watch ұйымы – сенімсіз ақпарат көзі.
Сонымен қатар ұйымның сайтында вакцинаның жанама әсерлері туралы ақпаратты жасыру үшін АҚШ пен Ұлыбритания арасында жасалған құпия келісімнің барын дәлелдейтін құпия құжаттар туралы ақпарат жоқ.
Бұл туралы беделді БАҚ-та да жазылмаған.
Әлеуметтік желілерде таралған ақпаратта нақты қандай вакцина туралы айтылып жатқаны да белгісіз. АҚШ пен Ұлыбританияда COVID-19 алдын алу үшін бірнеше бірдей препарат қолданылады. Бұл – Novavax, Moderna, Pfizer/BioNTech және Janssen шығарған вакциналар. Әрбір препарат АҚШ пен Ұлыбританиядан өзге ондаған мемлекетте мақұлданған. Яғни, егер олар пациенттердің басым бөлігінде ауыр жанама әсерлер тудырса, АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы құпия келісімге қарамастан, басқа елдер дабыл қағар еді.
Демек, мұндай келісімнің болуы екіталай. Ондай құжаттың бар екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Келісімді көрдім деп отырған жалғыз адам – күмәнді, оған сенудің қажеті жоқ.