Fake News

Манипуляция: «Жеке меншікті компания танымал тұлғалардың жасушаларынан шұжық шығарады»

АҚШ-тың Bite Labs компаниясы танымал тұлғалардың жасушаларынан салями шығаруға ниетті екендігі туралы жаңалық Қазнет қолданушыларының наразылығын тудырды. Кейбіреулер мұны каннибализмді қабылдауға жасалған қадам деп санайды. Бұл – манипуляция.


Bite Labs компаниясы 2014 жылы құрылған. Сол кезде сайт жасалып, оның басты бетінде үлкен әріптермен: «Танымал тұлғалардың етін же!» деп жазылған. Сипаттамада ол үшін эстрада мен кино жұлдыздарын өлтірудің қажеті жоқ делінген. Ерекше шұжық жасау үшін тін жасушалары мен жануарлардың бұлшықет тінінің жасушалары бар биологиялық материал қажет.
Сондай-ақ, платформада Twitter-де шоу-бизнес жұлдыздарына хат жазып, оларды BiteLabs бағдарламасына қатысуға шақыруға мүмкіндік беретін қызмет те бар. Атап айтқанда, компания Дженнифер Лоуренсті тартып, оның жасушаларынан жасалған салямиге қоян мен шошқа жасушаларын араластырып, оған бал, зімбір және апельсин қабығын қосуды ұсынады. Ал «Канье Уэст шұжығына», жоба авторларының ойынша, венгр паприкасы мен вустерширлік тұздық қосу керек.
Компанияның негізін қалаушылар желіде мәлімдеме жасағанымен, өндірісті бастауға асықпайды. BiteLabs жеті жылдың ішінде бірде-бір шұжық шығармаған.
Сонымен қатар, жоба жетекшілерінің бірі бұған дейін журналистерге жобаның шынайы мақсаты өнімді шығару емес, «қоғамдық ынтаны ояту» деп хабарлаған болатын.
– Дәл қазір біздің негізгі мақсатымыз – зертханада өсірілген коммерциялық қолжетімді еттің әлеуеті туралы қоғамдық диалог құру, – деді ол.
Осылайша, компания «түтікшеде өсірілген етті» тұтынудың әдептілігі мен қолжетімділігі бойынша қоғамдық резонанс пен пікірталас тудырмақ. Компания өкілі сондай-ақ, өнімді нарыққа шығаруға әлі дайын емес екендерін атап өтті.
Бұл жалпы азық-түлік пен ет тапшылығы мәселесіне қоғам назарын аудару үшін жасалып отырған іс-әрекеттердің бірі. Бұған дейін біз адам жасушаларынан өсірілген «Уроборос» стейктері туралы жазған болатынбыз. Ол мұражайларда экспонат ретінде ұсынылған.
Айта кетейік, Bite Labs компаниясы қолдан ет жасаумен айналысатын стартаптар тізімінде жоқ.
Қорыта айтқанда, әлемде танымал тұлғалардан жасалған шұжық жоқ және болуы екіталай. Қарама-қайшылықты жарнамалық науқан жасанды ет өндірісі мәселесіне және болашақта мұндай қадамның қажеттілігіне қоғамның қызығушылығын оятуға бағытталған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button