Fake News

Фейк: «NASA лазерлік проекциялардың көмегімен бірыңғай әлемдік дін қалыптастырады»

Қазақстандықтар «Көк сәуле» жобасы деп аталатын қастандық теориясы туралы идеяларымен тағы да бөлісе бастады. Оған сәйкес, NASA бүкіл әлемде лазерлік қондырғылардың құпия желісін орнатып, оны бір сәтте қосып, аспанда әлемнің астан-кестенін шығаратын шынайы голограммалар жасайды. Бұл өтірік.

«Көк сәуле» жобасы ойдан шығарылған. Ол туралы алғаш рет жазушы әрі конспиролог Серж Монаст жазған. Одан әрі дәлелдердің жоқтығына қарамастан, идеяны бүкіл әлемдегі қастандық теорияларын жақтаушылар қолдады.
Монасттың идеясы NASA өзінің проекторларының көмегімен аспанда Құтқарушының бейнесін салады, ал адамдар бір дауыстар естиді дегенге негізделген. Мұның техникалық жағын ескермегеннің өзінде, әртүрлі дін мен мәдениетке жататын адамдар тұратын мегаполистерде аспанда нақты қандай Құтқарушының бейнесі көрінетіні және атеистердің қандай дауысты еститіні беймәлім. 
Бұл теорияның құжаттық растауы немесе қисынды дәлелдері жоқ. Алайда, бұл идеяны жақтаушыларға осындай голограммалардың бар екендігі туралы шындықты «дәлелдейтін» әртүрлі видеоларды тауып, таратуға кедергі болмай отыр. Олардың бірі таралған ақпаратқа тіркелген.
Роликтің өзі екі түрлі видеодан тұрады. Бірінші бөлігінде жардың шетінде тұрған адамдар аспаннан Мария ананың үлкен бейнесін көреді. Шын мәнінде, түпнұсқа роликте ондай ештеңе болмаған, адамдар жай суға қарап тұрған. Видео Қытайдың ең әдемі жерлерінің бірі – Тянчи көлінің жанындағы Чанбайшань тауында түсірілген. Бұл көріністі туристерге арналған түрлі видеолардан көруге болады.
Желіде бұл видео бұған дейін таралған болатын, бірақ монтажы басқа еді. Ескі нұсқада туристер күннің «тұтылуына» қарап тұрған. Ал Мария ананың орнына аспанда айналасында қара ареолы бар екі Күн болған.
Роликтің екінші бөлігінде желбіреген сұр мантиядағы тіршілік иесі көрсетілген. Ол қолын жайып, көкке ұмтылады, найзағай тудырады. Шын мәнінде, бұл компьютерлік технологияның көмегімен жасалған суретші Джессен Карлостың еңбегі. Оның Instagtam парақшасында осыған ұқсас видеолар көп, олардың әрқайсысы куәгер ұялы телефонның камерасына түсіргендей етіп монтаждалған.
Желіде бұл ролик бұрыннан бар. Оның түсірілім емес, суретшінің жұмысы екені туралы фотосуреттер мен видеолардың түпнұсқалығын тексерумен айналысатын HoaxEye порталы жазған.
Демек, таратылған видео – ескі фейк, ал «Көк сәуле» жобасы туралы теориялар конспирологиялық және қисынсыз. Мұндай жобаның болғанына ешқандай дәлел жоқ.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button