Fake News

«Ғалымдар адам жасушаларынан стейк жасаған», – манипуляция

Кейбір қазақстандық телеграм-арналарында ғалымдардың адам жасушаларынан стейк жасағаны туралы ақпарат тарады. Оны өз құйрығын өзі жейтін мифтік жыланның құрметіне «Уроборос» деп атаған. Бұл ақпарат пайдаланушылардың алаңдаушылығын тудырды. Олардың пікірінше, мұндай тәжірибелер канибализмді ойға қонымды жайт ретінде көрсететіндіктен этикаға сай емес болып табылады. Шын мәнінде, бұл талқылау манипуляция мен тартымды тақырыптардың нәтижесінде орын алған жағдай.


Америкалық ғалымдар мен дизайнерлер тобының адам жасушаларынан стейк жасағаны рас. Оған мақта тампонымен беттің ішкі жағынан алынған биоматериал үлгісі негіз болды. Ұзындығы бір сантиметрлік стейктің өзі – мұражай экспонаты. Ол мақта тампоны, саңырауқұлақ мицелийінің жақтауы мен адам сарысуынан тұратын «Өзің жасап ал» жиынтығымен бірге тұр.
Стейк арнайы мөлдір шайырға салынып, екі жағына күміс ас ішу құралдары қойылған ыдыспен «ұсынылады».
Экспонат Филадельфиядағы өнер мұражайында көпшілікке көрсетілген, қазір ол COVID-19 пандемиясына байланысты уақытша жабылып қалған Лондондағы дизайн мұражайында.
Мұндай стейктердің жаппай өндірісі және оларды жеу туралы сөз болып отырған жоқ.
– Біз адамдардың протеин қажеттілігі мәселесінің нақты шешімі ретінде «өз-өзімізді жеу» идеясын алға тартып отырған жоқпыз. Біз «Қазіргі жағдайды ескере отырып, жануарлар етін тұтынуды жалғастыру үшін адамзат қандай құрбандықтарға барады?», деген сұрақ қойып жатырмыз», – деді жоба авторларының бірі Грейс Найт.
Айта кетейік, «пробиркада жасалған ет» жаңа өнертабыс емес. Жасуша дақылдарынан ет өсіру идеясы 1995 жылы NASA тәжірибелерінен кейін пайда болды. Компания ғарышта ғарышкерлер үшін ұзақ мерзімді тамақтану тәсілдерін ойлап табуға тырысты. Жасанды ет өсіру әдісін АҚШ-тың өнімдер мен дәрі-дәрмектер сапасын бақылау басқармасы (FDA) мақұлдады.
2013 жылы Лондонда 140 грамм салмағы бар, толығымен жасанды еттен тұратын әлемдегі алғашқы бургер таныстырылды. Мұндай деликатесті өсіру құны 250 000 еуроны құрады.
Алайда, әзірге «пробиркада жасалған ет» нарыққа шығарылған жоқ. Оның адам ағзасына әсері толық зерттелмеген. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, ол әдеттегі табиғи қызыл етке қарағанда әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін.
Жануарлардың құқықтарын және оларды этикалық тұрғыдан қорғауды жақтайтын PETA ұйымының белсенділері жасанды өсірілген ет идеясын қолдайды және 2012 жылдың соңына дейін қолдан жасалған тауық етін тұтынушыға бірінші болып жеткізетін компанияға миллион доллар сыйақы береміз деп жариялады. Әзірге оны бірде-бір өндірушінің жасай алмағаны баршамызға аян, бірақ мұндай «этикалық протеинді» өсіруге арналған «фермалар» бар. Бұл сала белсенді дамып келеді және венчурлік инвесторлардың қаражатын тартуда. (https://www.bbc.com/russian/features-45874760)
Жасанды етті бидай мен өсімдік өнімдерінен жасалған вегандық етпен шатастырмау керек.
Осылайша, «адам жасушасынан» жасалған экстравагантты стейк туралы ақпарат – шындық, бірақ бұл канибализмге салынған «тыйымды» алып тастай алады деген тұжырым – ешқандай негізі жоқ асыра сілтеу.

Басқа жаңалықтар

Back to top button