Манипуляция: «Нәрестелерге арналған емізік маскалар жасалды»
Қазнет қолданушылары маска таққан сәбидің фотосымен бөлісуде. Кейбіреулердің пікірінше, мұндай әзірлеме зиянды және әлемдік үкіметтің Жер халқын азайту жоспарының бір бөлігі болып табылады. Бұл олай емес.
Нәрестелерге арналған маскалар бар. Бірақ олар бактериялар мен вирустардан қорғауға арналмаған. Оларды ауасы ластанған қалаларда шаң-тозаңнан қорғау үшін балаларға тағу ұсынылады. Бұл – емізік пен медициналық масканың симбиозы. Ол ауа шығаратын фильтрмен және клапандармен жабдықталған. Сәбилерге арналған маскалар Кореяда жасалған. Олар патенттелмеген, сондықтан әзірге, сатылымда жоқ.
ДДСҰ пандемия кезінде бес жасқа дейінгі балаларға медициналық бетперде тақпауға кеңес береді. Қазақстанда да бес жасқа дейінгі балалар қоғамдық орындарда және көшеде бетперде тақпайды.
Планета халқының санын азайтуға бағытталған әлемдік қастандық туралы мифті біз бұған дейін жоққа шығарған болатынбыз. Бұл теория ғалымдардың алдағы жүзжылдықтардағы планета халқы туралы ғылыми мәліметтері мен болжамдарына қайшы келеді.
Сонымен қатар, COVID-диссиденттер маска тағудың зияны туралы жалған мәліметтерді де белсенді таратады. Мысалы, медициналық маскалар көмірқышқыл газымен улануға әкеп соғады, қандағы кортизол деңгейін көтереді және саңырауқұлақтардан бастап COVID-19 қайта жұқтыруға дейін әртүрлі ауруларға әкеледі деп мәлімдеді. Бұл теориялардың ешқайсысының ғылыми дәлелдері жоқ және бірнеше рет теріске шығарылған, соның ішінде дәрігерлердің өздері жүргізген тәжірибелермен де.