Fake News

Дәлелсіз: «Қан тобына сәйкес тамақтану керек»

Желіде қаны бірінші топқа жататын адамдарға үйдің де, дүкенде сатылатын да сүт өнімдерін жеуге болмайды деген видео тарады. Олардың бойында сүт ақуызы казеинді ыдырататын фермент шығарылмайды, сондықтан ол сіңірілмейді. Ал бұл асқазан-ішек жолдарының проблемаларына әкеледі екен. Ролик авторы қан тобына сәйкес тамақтануды ұсынады. Бұл мәлімдеменің дұрыс, не бұрыс екенін анықтайық.

Қазіргі уақытта диеталар өте көп, қарапайым адам өмірінде оның бәрін ұстанып үлгермейді. Қан тобына байланысты диета 1996 жылы америкалық натуропат Питер Д’Адамоның «Eat Right for Your Type»» кітабы шыққаннан кейін танымал болды. Бестселлер 52 тілге аударылып, миллиондаған тиражбен сатылды. Д’Адамо теориясының негізгі идеясы – адамның иммундық және ас қорыту жүйелері ата-бабалар тұтынған тағамдарға бейімділікті сақтайды. Сондықтан қан мен тамақ арасындағы химиялық реакция генетикалық мұраның бөлігі болып табылады. Ал қан тобына сәйкес тамақтану – белгілі бір тағамдарды алып тастау және басқаларын көбірек жеу – денсаулықты жақсартуға және созылмалы аурулар қаупін азайтуға көмектеседі.

Д ‘ Адамо диетасы қант диабеті, инсульт, инфаркт, қатерлі ісік және басқа аурулардың алдын алуға көмектесетін адамзат үшін маңызды жаңалық болуы мүмкін. Ол мүлдем негізсіз деп айта алмаймыз, өйткені қан тобына қарай адамдар безгек, тырысқақ, асқазан қатерлі ісігі және тромбоз сияқты ауруларға әр түрлі дәрежеде бейім екенін көрсететін ғылыми зерттеулер бар.

Бірақ кітап шыққаннан бері 30 жылға жуық уақыт өтті және қан диетасының тиімділігіне нақты дәлелдер табылған жоқ. Осы тақырыпта жүргізілген екі ірі ғылыми зерттеу бар. Бірақ олар бұл диетаны қолдамайды.

2014 жылы Торонто университетінің ғалымдары дені сау 1455 жас адамнан қан тобы диетасын ұстануды сұрайды. Тамақтану мен қан тобы арасында күтілген байланыс табылған жоқ. Тамақтанудың денсаулыққа әсер ететіні атап өтілді, бірақ бұл қан тобына қатысты емес.

2021 жылы ғалым Н. Барнард (N. D. Barnard) және оның әріптестері аз майлы вегетариандық диетаның қан тобына байланысты салмақ пен қандағы липидтер деңгейіне қалай әсер ететінін зерттеді, бірақ статистикалық маңызды нәтижелерге қол жеткізе алмады. Бірақ 329 еріктіге жүргізілген эксперимент негізінде әртүрлі қан топтары бар адамдарда белгілі бір тамақтану және мінез-құлық ерекшеліктері анықталды. Мысалы, бірінші қан тобы бар адамдар тәттіні, алкогольді және құрамында D дәрумені бар тағамдарды жиі тұтынады екен. Қаны екінші топқа жататындар холестерині жоғары тағамдарды көп жейді және темекі шегеді, ал қаны үшінші топқа жататын адамдар майлы тағамдарды ұнатады. Осыған қарамастан, ғалымдар салмақ жоғалтудың жалғыз сенімді жолы – калория тапшылығын тудыру деп есептейді.

Сколководағы израильдік «Хадасса» клиникасы филиалының диетологы және нефрологы Анна Коробкина бұл диетада климаттық жағдайлар мен ұлттық әдеттер мүлдем ескерілмеген дейді. Сонымен қатар, қан тобына қарай тамақтану теориясына сенсек, ағзада тағамдық ақуыздар мен қан антиденелері арасында қақтығыс туындайды және бұл денсаулыққа зиян тигізеді. Алайда, ақуыздар ешқашан тікелей қанға енбейді. Олар алдымен аминқышқылдарына дейін ыдырайды, ал антиденелер бұл аминқышқылдарының қайдан келетінін «тани алмайды».

Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі, сертификатталған диетолог Кэтлин Зельман да қан тобына байланысты диетаны трюк деп санайды. Оның пікірінше, бұл адамдарды дұрыс тамақтануға итермелеудің бір жолы. Зельман негізінен пайдалы өсімдік негізіндегі диета болғандықтан қан тобына сәйкес диетаның элементтері әсер беретінін атап өтті.

Видеода бірінші қан тобы бар адамдар казеин құрамына байланысты сүт өнімдерін тұтынбауы керек делінген. Бұл қандай ақуыз? Ол сүтте болады және оның ақ түсіне жауап береді. Сиыр сүтінде казеин барлық ақуыздардың 80% құрайды. Сондай-ақ ол йогуртта, ірімшікте, нәрестелерге арналған қоспаларда, бірқатар тағамдық қоспада болады. Шынында да, казеин баяу қорытылады, бірақ басқа ақуыздарға қарағанда бұл оның артықшылығы болып саналады.

Ағза өздігінен синтездей алмайтын 9 маңызды аминқышқылдары бар, сондықтан олар тамақпен бірге келуі керек. Казеин құрамында осы 9 аминқышқылының бәрі бар, нәтижесінде ол толықтай ақуыз көзіне айналады. Бұл ақуыз бұлшықеттің қалпына келуіне және өсуіне ықпал етеді, кальций береді.

Адамдардың көпшілігінде сүт өнімдерін тұтынудан жанама әсерлер болмайды. Бірақ казеинге аллергиясы бар жандар да жоқ емес. Бұл иммундық жауап қан тобына байланысты емес екенін ескерген жөн. Казеинге аллергия қаны кез келген топқа жататын адамда болуы мүмкін.

Бүгінгі күні қан тобына сәйкес диетасының маңыздылығын дәлелдейтін бірде-бір беделді ғылыми зерттеу жоқ. Танымалдылығына қарамастан, ғылыми дәлелдер денсаулықты жақсарту немесе аурудың алдын алу үшін мұндай тәсілдің тиімділігін қолдамайды. Сондай-ақ, сүт өнімдерін бірінші қан тобы бар адамдар тұтынбауы керек деген пікір негізсіз. Мұның бәрі видео авторының пікірі.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button