Жаңалықтар

Маска тағу оттегі жетіспеушілігін тудырмайды

Желіде үнемі медициналық маскамен жүру гипоксия тудырады, эритроциттердің бір-біріне жабысуына және көптеген аурулардың өршуіне әкеледі деген қауесет таралуда. Бұл мәлімдемелердің ғылыми негізі жоқ.

grennady55555 атымен тіркелген TikTok қолданушысы маска тағу оттегі жетіспеушілігіне әкелетіні туралы видео жариялаған.

Тәжірибелі дәрігерлер бұл пайымның миф екенін талай мәрте айтқан болатын. Мысалы, Ноттингэм университетінің эпидемиология профессоры Кит Нил хирургиялық немесе тіндік маскалар гипоксияға әкелмейтінін мәлімдеген.

«Хирургтар маскамен сағаттап жұмыс істейді, оларда оттегі жетіспеушілігімен қиындықтар туындамайды. Маска оттегіні жеткілікті мөлшерде өткізбейтіндей тығыз болмаса, оттегі жетіспеушілігінің орын алуы екіталай», – деді ол.

CTV-дің ресми YouTube арнасында дублиндік дәрігердің бірден алты масканы таққан видеоны көре аласыз. Қандағы оттегі деңгейі арнайы құрылғымен бақыланып отырады. Роликтің соңына дейін көрсеткіш нормаға сәйкес болады және төмендемейді.

National Geographic деректі фильмдерінің жүргізушісі, журналист әрі режиссер Карин Мюллер де маскалардың келтіретін зардабы туралы қауесетті жоққа шығаратын видео түсірді. Ол респиратор, тіндік және хирургиялық маскаларды кезек-кезекпен тағады – пульсоксиметр көрсеткіштері өзгермейді. Содан кейін тележүргізуші жүгіруге арналған тренажерға тұрады. Алдымен жай жүреді, кейін масканы шешпей жүгіреді. Қанның сатурация деңгейі физикалық белсенділікке қарамастан өзгеріссіз қалады.

TikTok-тағы видеода да микроскоппен түсірілген кадрлар бар. Онда қанның қызыл түйіршіктері – эритроциттердің бір-біріне жабысып жатқаны көрсетілген. Кадр сыртындағы дауыс оның маска тағудың салдарынан орын алғанын айтады.

Биологияда мұндай процесті агглютинация деп атайды. Ол белгілі бір заттардың, мысалы, қан плазмасындағы антиденелердің немесе лектиндердің әсерінен болады. Іс жүзінде агглютинация, реципиентке жарамсыз қан тобын құю кезінде орын алады, бұл кезде донор плазмасы пациенттің эритроциттерімен әрекетке түседі.
Оттегі жетіспеушілігінен мұндай процестің жүруі мүмкін емес. Медициналық маска да қан құрамына ешқандай әсерін тигізбейді.

Бұдан басқа, фейк видеоның авторы маскалар бірқатар өкпе ауруларының, соның ішінде туберкулездің өршуіне ықпал етеді дейді. Алайда, туберкулездің Кох таяқшасы деп аталатын Mycobactérium tuberculósis микробактериясынан туындайтын жұқпалы ауру екендігі 1882 жылдан бері белгілі. Яғни, оны жұқтыру үшін бактерияны деммен жұту керек. Ал медициналық респираторлар микробактерияның бұл түрін өткізбейді. Айта кетерлік жайт, БЦЖ екпесінің арқасында таяқшалар ағзаға түссе де, адамның туберкулезбен ауыру ықтималдығы айтарлықтай төмендейді.

Медициналық маска тағудың тиімділігі көп рет дәлелденді. Алғашқы бетперделер Бубондық оба пандемиясы кезінде, кейіннен Испан тұмауы тарағанда пайда болған. Сол кезде мамандар маска тағу инфекцияның таралуын бәсеңдететінін атап өткен болатын.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button