Fake News

Фейк: «Америкалық дәрігерлер коронавирусты емдейтін дәрі ойлап тауып, маскалар қажет емес деп мәлімдеді»

Қазақстандықтар «Алдыңғы шептегі америкалық дәрігерлер» бірлестігі түсірген вирустық бейнероликпен бөлісуде. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, маскалар тағу қажет емес, олар пайдасыз, ал COVID-19 қарсы дәрі бұрын ойлап табылған, бірақ билік бұл туралы айтпайды, адамдарды емдеуге мүмкіндік бермейді. Мұның бәрі – жалған.


«Алдыңғы шептегі америкалық дәрігерлер» – доктор Симон Голд құрған ұйым. Бірлестік туралы алғаш рет осы жылдың шілдесінде, дәрігерлер АҚШ Жоғарғы Сотының сатыларында баспасөз мәслихатын өткізген кезде белгілі болды. Ол кезде дәрігерлер гидроксихлорокин COVID-19-ны ерте сатысында емдей алады және бұл дәлелденген деп мәлімдеген болатын. Сол сұхбатта олар масканың пайдасыз екенін және оны тағудың қажеті жоқ деген.
Баспасөз конференциясының жазбасы тез тарады, адамдар оны 14 миллионнан аса мәрте қараған, тіпті АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп та видеомен өз парақшасында бөліскен. Алайда, біраз уақыттан кейін дәрігерлер COVID-19 туралы қайшылықты және дұрыс емес ақпарат таратты деген желеумен видео Twitter, Facebook және Youtube платформаларынан алынып тасталды.
Үстіміздегі жылдың 15 маусымында Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасы гидроксихлорокинді COVID-19 күресте тиімсіз деп таныды.
– Соңғы нәтижелерді ескере отырып, біз ауруханаға жатқызылған пациенттердің үлкен, аралас тобында клиникалық зерттеу жүргіздік және бұл дәрі өлім ықтималдығын төмендетудің немесе қалпына келтіруді жеделдетудің артықшылықтарын көрсеткен жоқ деген қорытындыға келдік, – делінген ведомствоның ресми сайтында.
Алайда, әріптестерінің наразылығы мен әлеуметтік желілердегі тыйымдар «Алдыңғы шептегі америкалық дәрігерлерді» тоқтатпады. Олар Жоғарғы Соттың сатысында жаңа видео түсірген. Бұл жолы дәрігерлер тобы маска вирусты ұстай алмайды, өйткені вирустар маска талшықтарының арасындағы кеңістіктен бірнеше есе кішкентай деп мәлімдеді. Бұл олай емес. Біріншіден, вирустар өздігінен «ұшпайды», олар біз дем шығарғанда сілекей мен ылғал бөлшектері арқылы беріледі.
Мұндай бөлшекпен вирустың мөлшері 5-10 микронды құрайды. Медициналық маска талшықтарының арасындағы қашықтық 0,3-тен 10 микронға дейін, ал N95 респираторында – 0,1-0,3 микрон.
Екіншіден, COVID-19 пандемиясына дейін бірде-бір дәрігер маска вирустың алдын алудың тиімді құралы бола алады деп айтпаған деген тұжырым дұрыс емес. Бетперде тағу бір ғасырдан астам уақыт бұрын, испан тұмауы пандемиясы кезінде міндетті болған. Ол кезде маска тағу режимін бұзғаны үшін айыппұл салынған, ал кейбір елдерде адамдарды түрмеге қамаған.

Маскалар тітіркенуді, қорқыныш пен ашуды тудырады деген пікірлер дәлелденбеген. Мәлімдеме жасағандар осындай қорытынды жасауға болатын дереккөзге мысал да, сілтеме де ұсынбаған. Сонымен қатар, бірлестік мүшелерінің ешқайсысы психолог, психотерапевт немесе психиатр емес.

Осылайша, «Алдыңғы шептегі америкалық дәрігерлер» мәлім еткен тезистер бірнеше рет теріске шығарылып, жалған деп танылған.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button