24 қаңтардан бастап оқушылар қалай оқиды
What’sApp мессенджерінде биыл 24 қаңтарынан бастап барлық оқушылар мен студенттер мектепке оралатыны туралы ақпарат тарады. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
24 қаңтардан бастап оқушылар мен студенттер үшін біраз өзгерістер болады, бірақ оқушыларды «қашықтан» оқуды толық алып тастау мәселесі көтеріліп отырған жоқ.
– 2022 жылғы 24 қаңтардан бастап Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдары дәстүрлі офлайн форматта жұмыс істейтін болады. Мұндай шешімді коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады. Білім беру ұйымдарының жұмыс істеу алгоритмі мынадай. Мектепке дейінгі ұйымдар (балабақшалар) балаларды ата-аналарының өтініштері бойынша қабылдайтын болады. Жалпы оқушылар саны 600 дейінгі білім беретін мектептерде – толыққанды офлайн оқыту. оқушы саны 600-ден асатын жалпы білім беретін мектептерде – жобалық қуаттың 50%-нен аспайтын жүктемемен. Бұл жағдайда БҒМ 1-4 сынып оқушыларын олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дәстүрлі форматта оқытуды ұсынады, оған сәйкес бастауыш сынып балаларына қашықтан оқыту қиынға соғады. 5-11 сынып оқушыларына қатысты мектеп әкімшіліктеріне ата-аналардың балаларды штаттық форматта оқытуға, ауысымдар мен кіші ауысымдардың жұмысын ұйымдастыруға, кейбір пәндер бойынша оқытуды қашықтан оқыту форматына ауыстыруға деген ынтасын ескеру ұсынылады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.
Сонымен қатар, ол мектептен тыс ұйымдарда сабақтар жеке немесе 15 адамға дейінгі топтарда өтетін жағдайда офлайн форматта оқуға болатындығын атап өтті. Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған түзету кабинеттерінде (орталықтарында) 8 адамға дейінгі жеке және топтық сабақтар да штаттық режимде өтуі мүмкін.
Еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында оқыту аралас форматта: практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар, өндірістік практика – штаттық режимде, дәрістер – онлайн – форматта өтеді.
Демек, еліміздегі барлық оқушылардың офлайн оқыту форматына толық көшуі туралы ақпарат жалған.