Манипуляция: «Қазақстанда пандемия жоқ»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде елімізде COVID-19 тудыратын Sars-CoV-2 вирусы да, пандемия да жоқ деген пікірлерін білдіруде. Бұл пікірлер вирустың қазақстандық зертханаларда мақсатты түрде анықталмағандығымен расталады. Бұл – фейк.
Алдымен, пандемия – бұл елдерге, континенттерге тараған ерекше күшті індет; эпидемиялық процестің дамуының ең жоғары деңгейі екендігін айтып өткеніміз жөн. Былайша айтқанда, бұл әлемнің басым бөлігін қамтитын індет.
Осылайша, бір елдің үкіметі жалғыз өзі пандемия жариялай алмайды, өйткені эпидемиялық процестің бұл түрі бірден көп елде таралады. Бір елдің ішінде пандемияның болуы мүмкін емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясын 2020 жылғы 11 наурызда жариялады. Ол кезде Еуропада коронавирус жұқтырған 20 000-нан астам адам тіркеліп, 1000-ға жуығы қайтыс болған. Жалпы, 114 елде аурудың 118 мыңнан астам жағдайы тіркеліп, 4 291 адам қайтыс болды.
Қазақстандық зертханаларда тұрғындарда аурудың бар екенін растау үшін Sars-CoV-2 вирусын анықтау мағынасыз болатын еді. Коронавирустың бұл штаммы 2019 жылдың соңында белгілі болды. SARS-CoV-2 геномы толығымен анықталып, 2020 жылғы 26 қаңтарда еуропалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының сайтында жарияланды. РНҚ вирусы Уханьда пневмониямен ауырған науқастардан алынған нуклеин қышқылының үлгілерінен табылды.
Осыдан кейін науқастардың биоматериалының үлгілерінен вирусты анықтауға арналған арнайы тест жүйелері әзірленді. Олар полимеразды тізбекті реакция – ПТР принципі бойынша жұмыс істейді.
Осы принцип бойынша жұмыс істейтін әртүрлі сынақтар жасалды және Қытай, Жапония, Таиланд, АҚШ, Франция және Германия елдерінде кеңінен қолданылады. Нақты уақыттағы кері транскрипциясы бар полимеразды тізбекті реакция ауруларды бақылау орталығында жасалған және әлі де пайдаланылып келеді.
Осындай жұмыс істеу схемасы басқа вирустармен және аурулармен жұмыс істегенде де маңызды. Кез келген елдің азаматынан ауруды диагностикалау үшін белгілі бір елдің ғалымдары ауруды өз бетінше анықтап, оның қоздырғыштарын зертханалық жолмен бөліп шығару қажеті емес. Науқастарды тестілеудің жинақталған әдістерін қолданса жеткілікті.
Мысалы, адамның иммун тапшылығы вирусы алғаш рет АҚШ-та бөліп алынған, сол жерде зерттелген және сипатталған. Осыдан кейін пациенттердің ағзасынан осы вирусты анықтау әдісі жасалды. Басқа елдердің мамандары вирусты қайта анықтаған жоқ, тек оны одан әрі зерттеу үшін қолданыстағы зерттеулерді пайдаланды.
Демек, Қазақстанда пандемия мен COVID-19 ауруы жоқ деген пікір негізсіз және тек жалпыға белгілі фактілерді жеке мақсатында пайдалану болып табылады.