COVID-19 гепаринмен емделеді – манипуляция
Қазнет қолданушылары бір-біріне COVID-19 «Гепаринмен» емдеуге кеңес береді. Кейбіреулерінің мәлімдеуінше, онымен емделуге дәрігерлер кеңес берген. Алайда, бұл препарат вирустық ауруларды емдей алмайды және дұрыс қолданылмаған жағдайда денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.
Гепарин – қанды сұйылту үшін қолданылатын дәрі антикоагулянттар тобына жатады. Оның көмегімен веноздық тромбоэмболияны және ми қан айналымының бұзылуын емдейді.
Оны КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін қолданатыны рас, ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастарға арналған қосымша дәрі болып табылады. Оның көмегімен тромболитикалық асқынулардың алдын алады. Препарат тек стационарда ғана қолданылады.
Гепаринді дәрігердің бақылауынсыз қолдану сүйектің кенеттен сынуына және остеопорозға әкелуі мүмкін, тіпті асқазан-ішектен қан кетуі ықтимал. Оны COVID-19 алдын алу және симптомсыз тасымалдаушыларды емдеу үшін қолдануға болмайды.
Айта кетейік, коронавирустық инфекция кезінде «гепаринді» қолдану қажеттілігі әлі де мамандармен зерттелуде. Атап айтқанда, кейбір науқастарда препаратты қолдануға қарамастан тромботикалық асқынулар сақталатынын дәлелдейтін зерттеулер бар. Сонымен қатар, бірқатар мамандардың айтуынша, «гепаринді» қолдану аса ауыр жағдайдағы COVID-науқастардың өлім қаупін айтарлықтай төмендетеді.