Фейк: «Фармацевтикалық компаниялардың арқасында дәріге төзімді қоздырғыштар пайда болады»
Танымал қазақстандық Telegram-арналарда әлемде дәрі-дәрмектерге төзімді патогендер көп пайда болып жатқаны туралы жазылуда. Пайдаланушылардың пікірінше, бұған фармацевтикалық компаниялар кінәлі, сондай-ақ БҰҰ дәрі-дәрмектерге еш әсері жоқ бактериялар мен вирустардың көмегімен миллиондаған адамды өлтірмек. Бұл олай емес.
Бұл жағдайдың мән-жайын анықтау үшін антибиотикке төзімділіктің не екенін және оның неліктен пайда болатынын түсіну керек.
Антибиотикке төзімділік – бұл микробтардың микробқа қарсы заттардың, соның ішінде антибиотиктердің әсеріне қарсы тұру қабілеті. Ол фармацевтикалық компаниялардың қызметінен емес, табиғи эволюция барысында қалыптасады. Бактериялар басқа бактериялармен күресу үшін қажетті заттарды шығарады. Олар антибиотиктер деп аталады. Бұған жауап ретінде осы антибиотиктер тағайындалған бактериялар қауіпті заттарға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін қорғаныс механизмдерін жасайды. Яғни, антибиотикке төзімділік – бұл фармакология мен фармацевтика пайда болғанға дейін басталған табиғи процесс.
Қазіргі заманда антибиотикке төзімділік мәселесі әлдеқайда өткір тұр. Антибиотиктермен ауруларды емдейді, ауыр жаралар мен хирургиялық араласулар кезінде инфекциялардан қорғайды. Мәселе мынада, адамдар антибиотиктерді дәрігердің келісімінсіз және себепсіз жиі қабылдайды. Мұның бәрі ағзадағы бактериялардың қорғаныс механизмдерінің белсенді әрі тез жүруіне ықпал етіп, препараттардың тиімділігін төмендетеді.
Таралған хабарламада аталған БҰҰ-ның «баяндамасы» – бұл 2023 жылғы 7 ақпанда жарияланған «Супербактерияларға дайындық: «Бірыңғай денсаулық» бағдарламасы бойынша микробқа қарсы төзімділікке жауап ретінде экологиялық әрекеттерді күшейту» деп аталатын есеп.
Құжатқа сәйкес, ғалымдар 2050 жылға қарай жыл сайын 10 миллионға жуық адам антибиотикке төзімділіктен зардап шегеді деп болжап отыр. Ауруларды емдеу қиынға соғады. Дәріге төзімді бактериялар салдарынан егістік бұзылып, дақылдар жойылуы, су ластануы және т.б. жағдайлар болуы ықтимал. БҰҰ-ның есебінде мұның нәтижесінде табысы төмен елдер қатты зардап шегуі мүмкін делінген.
Бұған жол бермеу үшін БҰҰ мамандары нақты іс-қимыл механизмін әзірлеуді ұсынады. Ол ауыз суды дезинфекциялауды жаһандық күшейту, қоршаған ортадан алынған үлгілерге арналған антибиотикке төзімділікті анықтаудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу және т.б. шараларды қамтиды.
Сонымен қатар БҰҰ осы саладағы зерттеулерді тұрақты қаржыландыру көздерін анықтауды ұсынады. Ғылыми әзірлемелер қандай да бір дәрі-дәрмектерге қарсы иммунитеті бар супербактерияның пайда болуына жол бермейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында бактериялардың антибиотикке төзімділігі қазіргі заманның маңызды мәселесі болып табылады, оны шешуге баса назар аудару керек. Демек, патогендердің дәрі-дәрмектерге төзімділігі фармацевтикалық компаниялардың әрекеті емес, табиғи процесс. БҰҰ көп адамды өлтіру үшін бактериялар мен вирустар жасамай, бұл мәселені шешуге тырысуда. Олай болса, таралған ақпарат фейк.