Медициналық фейктер

Фейк: «Әлемде Wi-Fi-ға аллергияның алғашқы жағдайлары тіркелді»

Әлеуметтік желілерде жаңа қорқынышты диагноз: Wi-Fi аллергиясы туралы жазылуда. Бұл ауруға шалдыққандарда бас ауруы мен айналуы, буындардың сырқырауы және көру қабілетінің нашарлауы байқалады. Бұл диагноз рас па? Анықтайық.


Wi-Fi-ға аллергияның болуы туралы алғашқы хабарламалар бұқаралық ақпарат құралдарында 2015 жылы жарияланды. Мұндай аллергия электромагниттік сәулеленуге жоғары сезімталдықтың көріністерінің бірі деп хабарланды. Оның жалпы белгілері терінің бөртіп кетуі, қышу, бас ауруы және айналуы, жүрек айнуы және т.б. болуы мүмкін.
Электромагниттік сәулеленуге сезімтал адамдардың бәрі бұл диагнозды өздері қойған. Мұндай аурудың бар-жоғын анықтау үшін сынақтар жүргізген ғалымдар оның барлық белгілері өзін-өзі сендіру немесе диагноз қойылмаған аурудың басқа көрінісі деген қорытындыға келді.
2017 жылы электромагниттік сәулеленуге өзін сезімтал деп санайтын адамдар қатысқан зерттеу қорытындысы жарияланды. Эксперимент аясында оларға ретсіз радиотолқындар бағыттап, жоғары сезімталдық белгілерінің асқынуын айтуды сұрады. Нәтижесінде қатысушылар ешқандай әсер болмаған кезде белгілердің күшейгенін айтқан. Осындай зерттеу 2018 жылы да жүргізілді. Онда қатысушылар радиотолқындар бағытталып отыр деп ойлаған кезде әл-ауқатының нашарлағанын жеткізген. Бірақ іс жүзінде ешқандай әсер болмаған.
2019 жылы электромагниттік сәулеленуге сезімталдық тақырыбында 28 эксперименттік ғылыми зерттеуге жүргізілген шолу нәтижесі жарияланды. Онда бұл аурудың бар екеніне нақты дәлелдер жоқ делінген.
2020 жылғы ғылыми жұмыста француз ғалымдары радиомагниттік сәулеленуге сезімталдықты Ноцебо әсерімен түсіндіруге болады деген пікірін білдірген. Яғни пациент дәрі-дәрмектің немесе мүлдем жоқ әсердің салдарынан ауырып қалуы мүмкін, себебі пациент бұл заттың немесе әсердің қауіптілігіне немесе зияндылығына сенеді.
Ғылыми қауымдастық Wi-Fi аллергиясы және жалпы электромагниттік сәулеленуге жоғары сезімталдық нақты аурулар емес деп санайды. Олардың барлық көріністері – бұл өзін-өзі сендіру немесе басқа, шын физикалық немесе психикалық бұзылулардың белгілері.
Таралған постта Wi-Fi барлық тіршілік иелері үшін зиянды, өйткені ол 2,4 ГГц микротолқынды пештермен бірдей жиілікте жұмыс істейді деп те айтылған.
Бұл мәлімдеме манипуляция және ғылымға қарсы. Неге екенін түсіндірейін.
Біріншіден, бірінші буындағы Wi-Fi роутерлері 2,4 ГГц жиілікте пайдаланылған. Қазіргі заманғы Wi-Fi 6 және Wi-Fi 6e құрылғылары 2,4 ГГц, 5 ГГц және 6 ГГц диапазонында жұмыс істейді. 
Екіншіден, Wi-Fi роутерлері микротолқынды пештермен бірдей жиілікте қолданылатынына қарамастан, екі негізгі айырмашылық бар, ол тағамды да, басқа заттарды да жылыта алмайды.
Микротолқынды пешке қарағанда, Wi-Fi роутерлері сигналды бір уақытта жан-жаққа бағыттайды, яғни толқындар шеңбер бойымен тарайды. Микротолқынды пеште сигнал пештің ортасында орналасқан бір нүктеге нақты бағытталады. Бұл сигнал қарсы қабырғадан шағылысады және басқа бұрыштан пештің ортасына қайта түседі. Сондықтан микротолқынды пештерде айналмалы негіз қолданылады – осылайша тарелканың ортасы ғана емес, түгел жылытылады. 
Тағы бір айырмашылығы – қуаттылығы әртүрлі. Орташа микротолқынды пеш 1000 Вт, ал Wi-Fi роутерлері небәрі 100 мВт генерациялайды. Яғни, роутермен затты қыздыру үшін оның шығыс қуатын 10 000 есеге арттыруға керек.
Демек, микротолқынды пештер мен Wi-Fi роутерлері бірдей жиіліктерді қолданғанымен, олардың жұмыс істеу принциптері әртүрлі. Яғни, маршрутизаторлар заттарды қыздыра алмайды, ал микротолқынды пешпен, мысалы, фильмді онлайн режимде көру мүмкін емес.
Олай болса, таралған ақпарат жалған. Wi-Fi-ға аллергия болмайды және технологияның өзі барлық тіршілік иелері үшін зиянды емес.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button