Fake News

Дәлелсіз: «пияз қайнатпасы әйел ауруларын емдейді»

Танымал Instagram блогері қолданушылармен үйде әйелдердің денсаулығын сақтау, киста, миома және эндометриозды қалай емдеуге болатыны туралы айтты. Бұл жағдайда пияз сорпасы көмектеседі екен. Жарияланым 2,6 миллионнан астам мәрте қаралған, демек, бұл тақырыпқа деген қызығушылық бар. Бұл мәлімдеме рас па, анықтайық.

Алдымен жарияланымда аталған аурулардың не екенін түсінуіміз керек.

Киста – капсула немесе қап тәрізді құрылымы бар қатерсіз ісік. Оның ішіне ірің, өлі жасушалар, шырыш және т.б., ағзадағы артық заттар жиналады. Кистаның бірнеше түрі бар, олар ағзаның әртүрлі бөліктерінде пайда болуы мүмкін. Бір және бірнеше, бір камералы және көп камералы болады. Емдеуді таңдау көптеген факторларға байланысты. Бір ғана дәрі көмектеспейді.

Миома да қатерсіз ісіктерге жатады. Жатырдың бұлшықет қабатында дамиды.

Миоматозды түйіндер – бұл бұлшықет және фиброзды талшықтардан тұратын түзілімдер. Олар құрылымы жағынан өте құрғақ және сіңірлі етке ұқсайды. Миоматозды түйінді әртүрлі шөп тұнбалары мен қайнатпаларының көмегімен алып тастау мүмкін емес. Емдеудің екі негізгі әдісі бар: түйінді хирургиялық жолмен алып тастау және оның қанмен қамтамасыз етілуін тоқтату, бұл түйіннің өлуіне және «кебуіне» әкеледі.

Эндометриоз кезінде жатырдың шырышты қабығы одан тыс таралады. Ауру салдарынан қан кетіп, зақымдалған органдардың сау тіндерінде тыртықтар пайда болады.

Бұл әйелдер бедеулігінің жалпы себептерінің бірі. Жеңіл және орташа формада репродуктивті функцияның уақытша бұзылуына әкеледі. Оны хирургиялық жолмен қалпына келтіруге болады – эндометрияның өсу ошақтарын алып тастайды.

Ғалымдар тиімді дәрі ретінде пияз қабығына деген қызығушылығы бұрыннан болған. 2011 жылы испан дәрігерлері пияз қабығында адамдарға пайдалы қосылыстардың күшті коктейлі бар екенін дәлелдеді. Бұл көп мөлшердегі талшық пен флавоноидтар. Жасұнық (клетчатка) жүрек-қан тамырлары аурулары, ас қорыту проблемалары, ішек қатерлі ісігі және семіздік қаупін азайтады. Фенолды қосылыстар канцерогендік процестерден қорғайды.

Сондай-ақ, пияз қабығы Е, С, В, РР дәрумендеріне, темір, калий және кальций минералды тұздарына, сондай-ақ каротин, кверцетин, фитонцидтер сияқты пайдалы элементтерге бай.

Е дәруменінің арқасында қартаю мен холестериннің жиналуы баяулайды. Сонымен қатар бұл қант диабеті, қатерлі ісік және жүрек ауруларының алдын алу шарасы қызметін атқарады.

Аскорбин қышқылы мен фитонцидтер иммундық жүйені қолдауда, витамин тапшылығынан, вирустық инфекциялардан және суықтан қорғауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ олар тіс пен қызыл иек денсаулығы, тамыр тіндерін, шеміршек пен сүйектерді нығайту үшін қажет.

PP дәрумені мен каротин ас қорыту жүйесіне пайдалы әсер етеді, көмірсулар алмасуын жақсартуға көмектеседі, асқазан-ішек жолдарының бұзылуын жояды.

Кейбір зерттеулерде пияз қабығы репродуктивті денсаулыққа оң әсер ететіні көрсетілген. 2021 жылы жануарларға жүргізілген экспериментте ғалымдар бұл өнім фертильділікті жақсартады және тестостерон деңгейін көтереді деген қорытындыға келді.

2015 жылы егеуқұйрықтарға жүргізілген зерттеуде кверцетиннің жатырды босаңсытып, жиырылуын төмендететіні анықталды. Яғни, ол етеккір кезінде ауырсынуды басуға көмектеседі. Бірақ қосымша зерттеулер қажет.

Пияз құрамында қабынуға қарсы қасиеттері бар қосылыстар болса да, пияз қайнатпасының миома, киста немесе эндометриозды емдейтініне немесе оның алдын алатынына қатысты ғылыми дәлелдер жоқ. Бұл аурулардың барлығы дәрігердің бақылауымен дұрыс диагноз қоюды және емдеуді қажет етеді. Интернеттен тексерілмеген құралдарды пайдалану ағзаңызға орны толмас зиян келтіруі мүмкін.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button