ДДСҰ басшысы мектептерді жабуға шақырған жоқ
«Коронавирус Казахстан» телеграм-арнасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адан Гебрейесус коронавирус пандемиясына байланысты мектептерді жабуға шақырды деген хабарлама шықты. Бұл мәлімдеме – жалған. Шын мәнінде ДДСҰ басшысы басқаша айтқан.
23 қазанда өткен брифингте Гебрейесус әлем коронавирустық пандемияның сыни кезеңіне өткенін хабарлады. Оның айтуынша, алдағы айларда өте қиын болады.
«Біз көшбасшыларды жаңа қажетсіз өлімдердің, негізгі медициналық қызметтердің бұзылуының және мектептердің қайта жабылуының алдын алу үшін жедел шаралар қабылдауға шақырамыз», – деді ДДСҰ бас директоры өзінің кіріспе сөзінде.
Көріп отырғанымыздай, мессенджерлерде таратылған мәлімдемеде бұл сөздердің мағынасы өзгертілген. Авторлар Гебрейесус мектептерді жабуға шақырды деп жазады. Ал шын мәнінде ол мектептердің жабылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауға үндеді.
«Коронавирус Казахстан телеграм-арнасы – жаңалықтар генераторы. Бұл қандай да бір ресми ведомствоның ресми аккаунты емес.
Stopfake.kz шынайы ақпарат алу үшін түпкі деректемеге жүгіну және ресми ресурстарға ғана сену керек екендігін еске салады.