Катарда бетперде кимегенің үшін 53 000 доллар мөлшерінде айыппұл салынады. Әлемде маска тағу режимін бұзғандар қалай жазаланады?
Әлеуметтік желілерде әлемнің кейбір елдерінде маска тағу режимін бұзғаны үшін қарастырылған айыппұлдар мөлшері көрсетілген графика таратылуда.
StopFake редакциясы оған мониторинг жүргізді. Біз маска тағу режмі сақталған мемлекеттерге шолу жасап, бетпердесіз жүргенің үшін қанша айыппұл салынатынын анықтадық.
Франция
Франция билігі 20 шілдеден бастап жабық қоғамдық орындарда және жеке меншік дүкендерде бетпердесіз жүргенің үшін €135 (66 825 теңгеге жуық) мөлшерінде айыппұл салуда. Бұл туралы Le Parisien басылымы жазды.
«Айыппұл мөлшері қазір қоғамдық көлікте салынып жүрген айыппұлмен тең, яғни 135 евро. Бұл ереженің сақталуына көз жеткізу үшін кездейсоқ тексерулер жүргізіледі»,- деп хабарлады Францияның Денсаулық сақтау министрлігі.
Сонымен қатар, Францияның көптеген өңірінде, мысалы, Ла-Рошель, Аржеле немесе Конкарно және т.б. жерлерде таза ауаға шыққанда да міндетті түрде маска тағу керек.
Испания
ABC хабарлауынша, Мадридте маскасыз жүрген адамдарға айыппұлдар 30 шілдеден бастап салынып келеді.
«Мадридте міндетті түрде маска тағу ережесі енгізілген алғашқы күні полицейлер жай ескертулер жасады. Бетпердені қолына немесе иегіне таққандарға, немесе мүлдем маскасыз жүргендерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал ескертуден кейін айыппұл салынады: 100 евро. Әлеуметтік қашықтықтың сақталуына қарамастан масканы бүкіл жерде тағып жүру керек. Көшеде, террасада, дәмханада тамақ ішіп, су ішкенге дейін», – деп жазады ABC.
Катар
11 мамырда Катардың ішкі істер министрлігі 14 мамырдан бастап көшеге шыққанда барлығы бетперде тағып шығуы тиіс екендігін жариялады, ал ережеге бағынбағандарға 200 000 риал (53 000 доллар немесе 22 154 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, мәлімдемеде бұл ереже, жүргізуші көлікте жалғыз болса ғана, оған қатысты болмайтыны айтылған.
Кувейт
Кувейт билігі мамыр айында коронавируспен күресу үшін бетперде тақпағаны үшін адамдар түрмеге қамалады немесе оларға мыңдаған доллар айыппұл салынатыны туралы жариялады.
«Ұсталғандар үш айға дейін қамауға алынуы мүмкін. Ең көп айыппұл мөлшері 5 000 динар (16 200 АҚШ доллары немесе 6 771 600 теңге)», – деп хабарлайды Reuters.
Дубай
Дубайда полицейлер масканың жоқтығы үшін ғана емес, оны дұрыс тақпағаны үшін де жазалайды. Мысалы, көпшілік жиналатын жерлерде бетпердені дұрыс тақпағаны үшін салынатын айыппұл мөлшері 1 мың дирхамды немесе US$ 273 (114 114 теңге) құрайды.
Ал жабық орынжайларда және көпшілік орындарда, көлікте (жолаушылар тасымалдаған жағдайда) маска тақпағандар, әлеуметтік қашықтықты сақтамағаны, коменданттық сғатты бұзғаны және бір көлікпен үш адамнан артық тасымалдағаны (отбасыларды есепке алмағанда) үшін 3 мың дирхам немесе US$ 822 (343 596 теңге) төлейді;
Сербия
Сербия билігі де жабық орынжайларда вирустан қорғайтын маскасыз жүргендерге айыппұл салатын болды. Бұл туралы ел президенті Александр Вучич мәлім етті.
«Дүйсенбіден бастап (6 шілде) сауда орталықтарында және көлікте бетперде тақпағандарға 5 мың динар (€43 жуық немесе 21 285 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады», – деп жазды Риа Новости
Италия
Кампания облысында және Миланда метрода маскасыз жүрген адамдарға айыппұл салынады. Олар 400-1 000 евро (198 000-495 000 теңге) төлейді. Сондай-ақ, масканы дұрыс тақпасаңыз да жазаға ұшырайсыз. Өткенде италиялық полицейлер Ангри қаласында пиццерия иесіне 1000 евро мөлшерінде айыппұл салды.
Германия
Германияның 16 федералды жерінің 15-інің аумағында 27 сәуірден бастап қоғамдық орындарда және көлікте міндетті түрде маска тағу ережесі енгізілді. 23 маусымнан бастап Берлинде маскасыз жүргендер 50-ден 500 евроға дейін (24750-ден 247500 теңгеге дейін) айыппұл төлейді.
Қазақстан
Қазақстанда маска тақпағаның үшін 30 АЕК немесе 83 340 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.
Айта кетейік, бетпердені үйде де, түзде де тағып жүруің керек.
- 5 жасқа дейінгі балаларға
- 5 адамнан аспайтын топта спортпен айналысатын адамдарға маска тағу міндетті емес
Сонымен қатар, жеке меншік көлікте бес адамнан артық адам болмаса;
Бір отбасы тұратын жеке меншік үйдің ауласында;
Жазғы дәмханаларда қашықтықты сақтаған жағдайда бетперде кимеуіңізге болады.