Фейк: «Жыл сайынғы флюорография БЦЖ екпесінен кейін чипті зарядтау үшін қажет»
Қастандық теорияларын жариялайтын Telegram арнасы жылына бір рет флюорографиядан өтудің не үшін қажет екендігін айтты. Пікір иелерінің сөзінше, бұл БЦЖ екпесінен кейін чипті зарядтау үшін қажет. Бұл фейк.
БЦЖ – туберкулезге қарсы егу. Тірі бұқаның туберкулез таяқшасының штаммынан дайындалады. Жасанды ортада өсіріледі, сондықтан адамның ауыруына немесе өліміне әкелмейді. Туберкулезден басқа, БЦЖ алапеспен тиімді күреседі, сонымен қатар қуық қатерлі ісігін емдеуде қолданылады.
БЦЖ – бұл адамдарға арналған алғашқы тірі бактериялық вакцина деуге болады. Ол 100 жылдан астам уақыт бұрын әзірленген. Екпені француз микробиологы Альберт Калметт және ветеринар Камиль Герен жасаған. Олар Пастер институтында жұмыс істеп жүріп, нәрлі ортада туберкулез таяқшалары ең аз вируленттілікпен өсетінін байқаған. Олар әлсіреген туберкулез микробтарының өсінділерін өсірмек болған. 1919 жылы ғалымдар жануарларда туберкулез тудырмайтын штамм ойлап тапты. БЦЖ вакцинациналары алғаш рет адамдарға 1921 жылы салынды. Дегенмен, қиындықтар болды. Германияның Любек қаласында 240 бала егілді. Олардың барлығы туберкулезбен ауырып, 77-сі қайтыс болды. Тергеу мәселенің вакцинада емес, медициналық қызметкерлердің немқұрайлылығында болғанын анықтады. Дәрігер екпені классикалық туберкулез микробтарының өсінділерімен бір контейнерде сақтаған.
Бүгінгі таңда БЦЖ вакцинасы лицензия берілген туберкулезге қарсы жалғыз вакцина болып табылады. Ол жаңа туған нәрестелер мен балаларды туберкулездің ауыр түрлерінен қорғайды. Вакцина жасөспірімдер мен ересектерді дерттен қорғамайды. Алайда, әлемдегі туберкулездің таралу жағдайларының 90%-ы нақ осы жастағы адамдарға тиесілі.
ДДҰ бағалауынша, 2021 жылы шамамен 10,6 миллион адам туберкулезбен ауырған. 1,6 млн адам қайтыс болды. Сонымен қатар, дәріге төзімді туберкулез дамуда. Оны жыл сайын 500 мың адам жұқтырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 20 адамнан жоғары болса, жаңа туған нәрестелерге БЦЖ егуді ұсынады. () Қазақстанда 2021 жылы сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 36 адамды құрады. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға туған кезде БЦЖ егіледі.
Туберкулездің алдын алу жолдарының бірі – флюорография. Дәрігерлер жылына кемінде бір рет осы рентгенологиялық тексеруден өтуге кеңес береді. Флюорографияның көмегімен көптеген басқа ауруларды анықтауға болады: өкпе жүйесіндегі патологиялық процестержі, қаңқа дамуының туа біткен ауытқуларын, онкологиялық ауруларды және т. б.
Конспирологтар COVID-19 пандемиясы басталғанда вакцинация арқылы халықты чиптеу туралы теорияларды алға тартты. Дәл сол кезде жалған жаңалықтар көп тарады. Атап айтқанда, вакциналар арқылы чиптеу туралы 1989 жылы ескертілгені туралы жазылды. Сонымен қатар 5G сигналдарына жауап беретін вакциналардағы микрочиптер және егулердегі чиптерді құрайтын нанобөлшектер туралы гипотезалар да айтылды.
Бұл теориялардың барлығын фактчекерлер жоққа шығарады.
БЦЖ вакцинациясының құрамында чип бар екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Флюорография бір нәрсені зарядтайды деп айтуға негіз жоқ. Бұл ой-пікірлердің барлығы вакцинация идеясының беделін түсіруге бағытталған, яғни әлемде көп адамның өміріне қауіп төндіреді.