Фейк: «Германия үкіметі вакциналарды зерттеу демократияға қауіп төндіреді деп мәлімдеді»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Германиядан тараған жаңалықтармен бөлісуде. Олардың хабарлауынша, ел билігі COVID-19 қарсы вакциналарды зерттеуден бас тартып, бұл «демократияға қауіп төндіреді» деп мәлімдеген. Бұл рас па? Анықтайық.
Германия үкіметі вакциналарды зерттеуді демократияға төнген қауіп деп айтқаны туралы ақпарат 2023 жылдың қаңтар айының басында бірнеше конспирологиялық және ғылымға қарсы сайттарда жарияланды. Ресурстардың бірі бастапқы дереккөз тілшілері доктор Алена Бёйкстен сұхбат алған Die Zeit неміс басылымы деп жазды.
Мұндай сұхбат газеттің ресми сайтында бар.
Алена Бёйкс – медицина этикасы және медициналық технологиялар профессоры. Ол Германия үкіметінің мүшесі емес және оның атынан мәлімдеме жасамайды.
Ол сұхбатында 2020 жылдан бері басқарып келе жатқан неміс Этика кеңесінің ұстанымы мен жеке пікірін білдіреді.
Тілші COVID-19 пандемиясы өршіген кезде қабылданған қатаң карантиндік шаралардың қаншалықты дұрыс болды деп сұрағанда, ол кейбір шаралар шамадан тыс болды, бірақ сол сәтте орын алған жағдайды ескерсек, бұл үшін ешкімді кінәлауға болмайды деп жауап береді. Сондай-ақ ол вакцинацияға қарсы адамдар мен covid диссиденттер туралы айтып, олардың кейбіреулері қазір пандемия мен карантиндік дағдарысқа «кінәлілерді» табуға тырысып жатқанын атап өтті.
– Кінәлілерді іздеу көбінесе нақты шығындардан басталады. Бұл қажеттілік түсінікті, бірақ бұл дұрыс емес. Бұл қоғамның поляризациясына қатты әсер етеді. Бұл демократияға қауіп төндіреді. Өйткені ашулы адамдар зорлық-зомбылық пен теріс саяси ұстанымдарға әлдеқайда бейім болатыны дәлелденген, – деді ол.
Бұл сөздердің COVID-19 қарсы вакциналарды зерттеуге ешқандай қатысы жоқ екені анық. Сонымен қатар сұхбатта иммундауға арналған препараттардың сапасы, тиімділігі, қауіпсіздігі және басқа сипаттамалары туралы айтылмайды.
Демек, Германия үкіметі вакциналарды зерттеу демократияға қауіп төндіреді деп санайтыны туралы ақпарат жалған. Германия үкіметінің бірде-бір мүшесі мұндай мәлімдеме жасамаған, ал доктор Алена Бёйкс «демократияға қауіп төндіреді» деп айтқанда, вакцинацияға қарсы адамдардың карантиндік шектеулерге «кінәлілерді» табу әрекеттерін меңзеген болатын.