Фейк: «АҚШ-та 1986 жылғы Вакциналарды қорғау туралы заң балаларды иммундаудың артуына әкеп соқты»
Әлеуметтік желілерде 2024 жылы нәрестелерге салынатын вакциналар саны 1986 жылмен салыстырғанда едәуір артқаны көрсетілген сурет талқылануда. Бұл балаға 12 айға дейін жасалатын Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) егу кестесі. Жарияланым авторының айтуынша, егулер санының артуы 1986 жылы АҚШ Конгресі қабылдаған «Вакциналар заңымен» байланысты. Сол кезде фармацевтикалық компаниялар талап қою бойынша жауапкершіліктен босатылған екен. Бұл жалған.
Instagram-да шыққан ақпаратта 1986 жылғы заң бұрмаланған, сондай-ақ CDC-тің қазіргі егу кестесі дұрыс түсіндірілмеген.
1986 жылы Америкада балалардың вакцинациядан зардап шегуі туралы Ұлттық заң қабылданды. Бұл 1970-ші жылдары вакцина өндірушілеріне қойылған сот талаптарына жауап болды. Адамдар DPT вакцинасынан зардап шеккендерін алға тартты. Посткеңестік кеңістікте бұл екпе АКДС деп аталады. Ол белгілі үш ауруға қарсы салынады – көкжөтел, сіреспе және дифтерия. Сонымен қатар, талаптардың негізделгені туралы ғылыми дәлелдер болған жоқ.
Америкалық жазушы Сет Мнукин «Дүрбелең вирусы» атты кітабында «АҚШ-та вакциналар таратушы компаниялар саны 1960 жылдары ондаған болса, 1985 жылы төртке дейін күрт төмендеген» деп жазады. Нағыз антиваксерлік ессіздік басталды. АҚШ-та DPT вакцинасын таратқан екі компанияның бірі ішкі жеткізілімдерді тоқтатты. Заңның қабылдануына вакциналар қорының таусылуы да ықпал етті.
Жаңа заң вакциналарды жеткізуді ынталандырып, вакцинация зиян тигізеді деп ойлайтындар заңмен қорғалатын болды.
Нәтижесінде АҚШ-та үш ұйым құрылды. Біріншісі – барлық медициналық ұйымдардың иммундауға байланысты қызметіне жетекшілік еткен Вакцинация бағдарламасының ұлттық кеңсесі. 2019 жылы ол Трамптың шешімімен өз жұмысын тоқтатты.
Екіншісі – Вакциналардың жанама әсерлері туралы есеп беру жүйесі (VAERS). Онда вакцинациядан кейінгі жағымсыз әсерлер туралы хабарламаларды дәрігерлер де, қарапайым адамдар да жібере алады.
Үшіншісі – вакциналардан келтірілген зиян үшін өтемақы төлеу ұлттық бағдарламасы. Яғни, қор вакцинадан зардап шеккендерге өтемақы төлейді.
Заң фармацевтикалық компаниялардың ғана құқықтарын қорғайды деп айтуға негіз жоқ. Ол әлі де болса, қарапайым америкалықтардың да мүддесіне сай әрекет етуде.
Суретте көрсетілген Кесте шындыққа жанаспайды. 1986 жылы АҚШ-та бір жасқа дейінгі балаларға берілетін 5-ақ вакцина болған екен. Шын мәнінде, 1970-ші жылдардың аяғында дәрігерлер дифтерия, сіреспе, көкжөтел, полиомиелит (ОПВ), қызылша, шықшыт безінің қабынуына және қызамыққа қарсы 7 вакцина егуге кеңес берген. 1985 жылдан 1994 жылға дейін тағы бір вакцина В гепатитіне қарсы екпе қосылды.
2000 жылға дейін желшешек пен А гепатитіне қарсы вакциналар қосылған кезде вакцинация кестесі жаңартылған жоқ. Кейін тізімге үш вакцина қосылды – пневмококкқа, тұмауға және ротавирусқа қарсы екпелер. COVID-19 пандемиясы өз әсерін тигізді. Енді CDC кестесінде нәрестелерді 6 айдан бастап коронавирустық инфекцияға қарсы егу ұсынылады.
Жарияланым авторлары ескермеген тағы бір жайт, көптеген вакциналар балаларға бірнеше дозамен егіледі. Мысалы, В гепатитіне қарсы вакцина үш дозадан тұрады. Ал DPT вакцинасының орнына бес дозалы TDAP екпесі салынады.
CDC-тің туғаннан 12 айға дейінгі балаларға арналған 2024 жылғы егу кестесінде 17 аурудан қорғанысты қамтамасыз ететін 13 вакцина көрсетілген. Яғни, суретте тағы да қате жазылған.
Ғалымдар вакцинация қауіпті аурулардан қорғаудың ең тиімді құралдарының бірі деп санайды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінде АҚШ халқы ұзақ өмір сүретіндігімен және нәрестелердің өмір сүру деңгейі жоғары болуымен ерекшеленеді. Бұл адамзат вакциналармен жеңген ауруларды жоюмен де байланысты. Вакцинация мен аутоиммунды аурулардың, астманың, аутизм спектрі бұзылуының, зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромы, когнитивті функциялардың тежелуінің және т. б. арасындағы байланысты анықтаған сенімді медициналық зерттеулер жоқ.