Fake NewsМедициналық фейктер

Халық медицинасы: қайсы әсер етеді, қайсы қауіпті

Пияз бен сарымсақ, бал мен лимон – күзде және қыста халық медицинасында ЖРВИ мен тұмауға қарсы емде осы өнімдер пайдаланылады. Бірақ «әженің емінің» бәрі бірдей әсер етпейді, ал кейбіреулері дұрыс пайдаланылмаса, зиян тигізуі де мүмкін. Stopfake.kz халық арасында кеңінен танымал суыққа қарсы емдеу әдістерінің талдап шықты. Олар қаншалықты тиімді және кімге қолдануға бомайтыны туралы педиатр дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Қарағанды медицина университетінің педиатрия және неонатология кафедрасының профессоры Галина Еремичева айтып берді.

 

Пияз бен сарымсақ: халық медицинасында суық мезгілде үйде туралған пияз бен сарымсақ салынған табақтар қою ұсынылады. Кішкентай балалардың мойнына жіпке өткізіп, сарымсақ тағады. Мұның бәрі тұмау мен суықтың алдын алу үшін пайдалы. Фитонцидтер – өсімдіктер бөліп шығаратын биологиялық белсенді заттар микробтар мен вирустарды өлтіруі керек.

Тиімділігі: медицина ғылымдарының кандидаты Галина Ермичеваның айтуынша, пияз-сарымсақ қоспасы шынымен ауру тудыратын микробтардың көп түрін, сондай-ақ саңырауқұлақтарды жоятын фитонцидтер бөліп шығарады. Бірақ ол тек 10-15 минут бойы және аса көп концентрацияда ғана тиімді.

Қолдануға болмайтын жағдайлар мен жанама әсерлері: бұл әдістің қарсы көрсетілімдері жоқ, жанама әсерлерден тек жағымсыз иіс қана.

Балама: кварцтау және бөлмені үнемі желдету.

 

Картоппен ингаляция жасау: әдетте басыңды сүлгімен жауып, ыстық картоп салынған ыдыстың үстінен дем алу керек. Бу жөтелден арылуға көмектесуі тиіс.

Тиімділігі: картоп буында бірқатар биологиялық белсенді компоненттер бар: тетрадекан, этанол, фитонцидтер. Галина Ермичеваның айтуынша, олар тыныс алу жолдарынан қақырықты шығаруға ықпал етеді. Компоненттер емдік әсер етуі үшін бу ыстық болуы керек.

Қолдануға болмайтын жағдайлар мен жанама әсерлері: пайдалы әсеріне қарамастан, дәрігер бұл әдісті қолданбауға кеңес береді. Бұл қауіпті, қарсы көрсеткіштер мен жанама әсерлері бар. Өте ыстық бу ауыз қуысы мен шырышты қабықтарды күйдіруі мүмкін, дем алу кезінде жоғарғы тыныс жолдары күйіп қалуы мүмкін.

«Мұрынға ыстық ауа кіргенде бұл шырыштың сұйылуына әкеледі, инфекцияның ортаңғы құлақ қуысына ену қаупі артады және отит дамиды. Мұрын мен жұтқыншақта, сондай-ақ мұрын айналасындағы қойнауларда ірің болған кезде картоппен емделуге болмайды», – деп түсіндіреді медицина ғылымдарының кандидаты Галина Ермичева.

Пневмония, тыныс алу жолдарында полиптер, іріңді ангина кезінде картоппен ингаляция жасауға болмайды.

Балама: дәрі-дәрмектермен ингаляция жасау, мысалы, қақырықты сұйылтатын дәрілермен. Ультрадыбыстық ингалятордан гөрі компрессорлық ингаляторды қолданған дұрыс. Ингаляцияны дәрігер тексеріп, диагноз қойғаннан кейін тағайындайды.

 

Тамақты тұзбен және йодпен шаю: халық медицинасында ангинаны емдеу кезіндегі жанр классикасы.

Тиімділігі: ас тұзы антисептикалық әсерге ие. Ерітіндіні дайындау үшін пропорцияны сақтай отырып, тек жылы суды ғана пайдалану керек: бір стакан суға 1 шай қасық ас тұзын немесе теңіз тұзын қосады. Сода қосылған ерітінділермен ауыз қуысын да шаюға болады: қызыл етті нығайтады; стоматитті емдейді.

«Шаю үшін тек жаңадан дайындалған ерітіндіні қолдану керек. Оны жұтуға болмайды, ол асқазан-ішек жолдарына, әсіресе балалар үшін зиянды болуы мүмкін. Тұзды сырттай қолдануға қарсы көрсетілімдер жоқ, сондықтан ерітіндіні жүкті және бала емізетін аналарға да қолдануға болады», – дейді педиатр

Ал йодқа келетін болсақ, оны қарсы көрсеткіштері көп. Температура, созылмалы атрофиялық фарингит, гипертиреоз және йод мөлшері шамадан тыс болатын басқа да аурулар, нефрит, бүйрек жеткіліксіздігі, туберкулез болғанда оны ерітіндіде қолдануға болмайды. Бұл йодқа сезімталдық күшті болғанда да оны пайдалануға болмайды, себебі аллергия тудыруы мүмкін.

«5 жасқа дейін тамақты содамен және йодпен шайюға болмайды, өйткені бұл компоненттер баланың нәзік шырышты қабығына теріс әсер етуі мүмкін», – дейді Галина Еремичева.

 

Аяқты қыша қосылған суға салу: суық тиюдің белгілерін жеңілдету үшін қолданылады

Тиімділігі: құрамында эфир майлары бар ыстық ванналар суық тигенде тиімді құрал болып саналады. Температураның әсерінен тамырлар кеңейеді. Нәтижесінде тыныс алу жеңілдейді және жөтел азаяды. Ал қыша жылыну әсерін күшейтеді.

Қолдануға болмайтын жағдайлар мен жанама әсерлері: дене температурасы 37,3 °C-тан жоғары болған кезде бұл процедураны жасауға болмайды. Жылыту гипертермияны арттырады. Қан қысымы төмен және жоғары адамдарға мұндай ванналар жасауға болмайды.

«Неге гипотониктерге жасауға болмайды: ыстық суда тамырлар кеңейеді, бұл қан қысымының төмендеуіне, есін жоғалтуға әкелуі мүмкін. Кейбір адамдарда мұндай процедура, керісінше, қысымды арттырып, гипертониялық дағдарыс тудыруы мүмкін», – дейді Галина Ермичева.

 

Қарсы көрсетілімдер арасында жүректің созылмалы ишемиялық ауруы, сирақ, табандағы жаралар, варикоз, онкологиялық аурулар, созылмалы аурулардың өршуі бар.

«Сондай-ақ, қыша ұнтағының концентрациясын да бақылау қажет. Оның артық болуы химиялық күйік пен дерматиттің пайда болуына әкелуі мүмкін. Көптеген аналар түнде балалардың шұлықтарына құрғақ қыша салады. Шұлықтың құрғақ болуын қадағалау керек, әйтпесе күйік шалуы мүмкін», – дейді дәрігер.

Балама: түнде табанға жылытатын жақпа жағып, жүн шұлық киіңіз.

 

Пияз шырыны мен бал қоспасы: халық медицинасында оны тұмау кезінде мұрынға тамызу үшін қолданылады.

Тиімділігі: осы қоспадағы компоненттер пайдалы қасиеттерге ие. Пияз фитоницидтер бөліп шығарады, табиғи бал да айқын бактерияға қарсы әсерге ие. Дегенмен, Галина Ермечева бұл халықтық емді қолданбауға кеңес береді.

Қолдануға болмайтын жағдайлар мен жанама әсерлері: балдың белсенді компоненттерінің жоғары концентрациясы Квинке ісінуі мен анафилактикалық шокқа дейін аллергиялық реакцияның орын алуына себеп болуы мүмкін. 

«Кейбір жағдайларда бұл қоспа патогендік бактериялардың көбею ортасы ретінде әрекет етеді. Сонымен қатар, мұрынның шырышты қабығында химиялық күйік шалуы мүмкін. Мұрынға таза, яғни араластырылмаған пияз шырынын тамызуға қатаң тыйым салынады. Бұл 99% жағдайда шырышты қабықтың күйіп қалуына әкеледі, әсіресе кішкентай балаларда. Ауыз қуысының шырышты қабығына тигенде қатты ашытады. Бұл өте жағымсыз сезім», – дейді сарапшы.

Балама: мұрынды натрий хлоридінің физиологиялық ерітіндісімен шаю.

Ал мұрынға тамыр тарылтқыш тамшыларды қолдану мұрын шырышты қабығының құрғауына, иістерге сезімталдықтың жоғалуына, вазомоторлы немесе атрофиялық риниттің дамуына ықпал етеді.

 

Бал қосылған сүт: жөтел мен тамақ ауырған кезде қолданылады. Кейде сары май қосылады.

Тиімділігі: жылы сүт жұмсартатын әсерге ие, құрамындағы майлардың есебінен жөтел кезінде ауырсынуды азайтады. Оны қолданған кезде жоғарғы тыныс алу жолдарының тарылуы босаңсып, қақырық шығарылады. Бал саңырауқұлақтарға қарсы, терлететін, тамырларды тарылту әсерлеріне ие. Дәрігерлердің пікірінше, мұндай сусын суыққа қарсы дәрілік терапияны толықтырады.

«Бұл ем сүт пен бал табиғи болған жағдайда тиімді. Әйтпесе, олар зиян келтіруі мүмкін. Оны дайындау кезінде де сақ болу керек. 60 градустан жоғары температурада бал өзінің барлық пайдалы қасиеттерін жоғалтады», – дейді Галина Ермичева.

Қолдануға болмайтын жағдайлар мен жанама әсерлері: балға аллергиясы бар, лактозаны, казеин ақуызын қабылдамайтын, бірінші типті қант диабеті немесе несеп-тас ауруы бар адамдарға бал қосылған сүт ішпеу керек. Бұл емді ағзада кальций шамадан тыс болғанда, тромбтардың қалыптасуына бейімділік болғанда, асқазан-ішек жолдарының проблемалары болғанда қолданбау ұсынылады.

Балама: Фитошайлар, қақырық шығаратын шөп жиынтықтары.

Қарсы көрсетілімдер болмаса да, дәрігерлер кез келген халықтық емді қолданар алдында кеңес алуды ұсынады.

 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button