Манипуляция

Манипуляция: «Өнімдердің құрамындағы жәндіктерді анықтайтын мобильді қосымша әзірленді»

Instagram-да қазақстандықтар смартфонның арнайы қосымшасы арқылы өнімдер құрамындағы жәндіктерді анықтаған видеоны талқылауда. Роликке сәйкес, олар йогурттарда, тәттілерде және т.б. болады. Бұл рас па? Анықтайық.

Видеода көрсетілген қосымша Insect Food Scanner деп аталады. Оны Maba Apps компаниясы әзірлеген, оның портфолиосында калорияларды есептеуге, кето диета ұстануға, физикалық жаттығулар жасауға, вегандық диета үшін дәрумендерді іздеуге, сондай-ақ бал ашуға арналған қосымшалар бар.

Тағамда жәндіктердің барын анықтайтын қосымшаның нақты қалай жұмыс істейтіні туралы ақпарат жоқ. Оның сипаттамасында тек «қосымша сізге нақты ақпарат беру үшін әлем бойынша мыңдаған азық-түлік өнімінің кең дерекқорын пайдаланады» делінген.

Яғни қосымшаның дәл екендігін бағалау мүмкін емес.

Таралған видеода қосымшаның екі бірдей қоспаны қатарынан бірнеше рет танитынын көруге болады: E120 және E904. Олардың әрқайсысы туралы егжей-тегжейлі айтылады.

E120 – бұл өнімдерге қызыл түс пен реңк беретін бояу. Ол кармин деп аталады.

Кармин кошениль аналық қоңыздарының қабығында кездесетін кармин қышқылынан жасалады. Бояудың заманауи өндірісі елеу мен сүзудің бірнеше кезеңінен тұрады. Осының арқасында, соңғы өнімде жәндіктердің бөлшектері қалмайды. Демек, E120 бояғышында жәндіктер жоқ.

E904 – бұл шеллак. Шеллак – бұл Kerriidae тобына жататын қоңыздар тіршілік ету барысында өндіретін шайыр. Яғни, шеллак – бұл аралар бал жинағандай қоңыздар тіршілік ету кезінде шығаратын өнім. Шеллак та, бал да жәндік емес, бірақ олармен жасалады.

Шеллак жылтыратқыш агент ретінде қолданылады. Мысалы, шеллак драже, кәмпиттер, кондитерлік өнімдер және басқа да өнімдерде кездеседі.

Өнімдерде жоғарыда аталған қоспалардың барын анықтау үшін арнайы қосымшалар орнатудың қажеті жоқ. Е120 мен Е904 тауардың қаптамасындағы құрамында көрсетіледі.

Қорыта айтқанда, таралған видео манипуляция. Қосымшаның дәл екендігін бағалау мүмкін емес, ал видеода көрсетілген бағдарлама анықтаған қоспаларда жәндіктер жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button