Манипуляция

Манипуляция: «Вакцинацияланбағандар үшін халықаралық қан банкі құрылды»

Telegram-да пайдаланушылар әлемнің 16 елі қолдайтын вакцинацияланбаған адамдарға арналған халықаралық қан банкін құру туралы жаңалықтармен бөлісуде. Бұл олай емес.

Аталған халықаралық қан банкі – бұл SafeBlood деп аталатын жеке ұйым. Оның қатысушылары тұтас елдер емес, жеке адамдар. Ұйымға мүше болу – ақылы.
Сонымен қатар ұйымның донорлық қан алу пункттері жоқ. Компанияның ресми сайтында оның мүшелері Қызыл Крест пункттерінде және басқа қан орталықтарында қан тапсыра алатыны жазылған. Сондай-ақ тапсырылған қанның вакцинацияланған донорлардың қанынан еш айырмашылығы болмайтыны айтылған.
Егер SafeBlood ұйымының мүшесіне донорлық қан қажет болса, ол ауруханада оны таңдамайды. Компания сайтында олар жүгінген ауруханалардың ешқайсысы пациенттерге егілген немесе егілмеген донорлар тапсырған қанды таңдау қызметін ұсынуға келіспегені атап өтілген.
Сондай-ақ сайтта тапсырылған қанның қайда және қалай сақталатыны, оның АҚТҚ және ЖҚТБ сияқты ауруларға тексерілетіні және оның «Қызыл кресттен» немесе донорлық қан алудың басқа пункттерінен SafeBlood ұйымына жіберілетіні туралы ештеңе жазылмағанын атап өткен жөн.
Ал ресми қан банктерінде донорлар вакцинацияланған және вакцинацияланбаған болып бөлінбейді, олар тапсырған қанға ешқандай ерекшелік белгілері қойылмайды.
Егілген адамдардың қаны уытты немесе оның құрамында денсаулыққа қауіпті заттар бар деген теориялар дәлелсіз және оларды ғалымдар да, фактчекерлер де бірнеше рет жоққа шығарды. Вакцинацияланған адамдардың қаны зерттелді және онда қауіпті заттар табылған жоқ.

Қорыта айтқанда, біріншіден, вакцинацияланбаған адамдарға арналған халықаралық қан банкі – бұл қызметі түсініксіз жеке ұйым. Оның қан алу пункттері де, оны мұқтаж ұйымға мүше адамдар арасында бөлу механизмдері де жоқ. Оның үстіне, ұйымда тапсырылған қанды инфекцияларға тексеру және оны барлық талаптарға сай сақтау үшін ресурстары бар-жоғы белгісіз. Яғни, ұйым жалған болып шығуы мүмкін және бұл компанияның болуы вакцинацияланған адамдардың қанының уыттылығы туралы теорияны мүлдем дәлелдемейді.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button