Манипуляция: «Адамдарды жасырын түрде жәндіктермен тамақтандырады»
Әлеуметтік желілерде пайдаланушылар кейбір тағамдардың құрамында жәндіктер бар екендігі туралы ескертуде. Олар «шеллак» немесе «кармин» сөздерімен белгіленген екен. Шын мәнінде бұл не? Тексерейік.
Шеллак – Kerriidae тобына жататын жәндіктердің қалдығы. Бұл жәндіктің өзі емес, ол шығаратын зат. Мысалы, аралар бал шығарады.
Шеллак – қатып қалған ағаш шайырына ұқсас алтын-қызыл түсті тығыз зат. Ол тамақ өнеркәсібінде қолданылады. Мысалы, бұл зат кейбір кәмпиттер мен дражелерде де болады. Олардың қабығын қатты және тұрақты ететін де осы шеллак.
Яғни, өнімдерге шеллак қосу бұл жәндіктер қосумен тең деп айта алмаймыз.
Кармин – ежелгі заманнан бері белгілі табиғи бояғыш. Ол кошениль деп аталатын аналық жәндіктердің қабығында болатын кармин қышқылынан жасалады. Бұрын бояғышты өндіру технологиясы жәндіктерді кептіріп, ұнтақтауға және оны сумен араластыруға негізделген болатын. Қазіргі уақытта өндірісте жәндіктердің бөлшектері қалмас үшін затты бірнеше рет күшті фильтрден өткізеді.
Демек, қазіргі жағдайда өндірілген карминді қосуды да жәндіктерді қосумен тең деп айтуға болмайды, өйткені өндірістің соңғы кезеңінде олардан ештеңе қалмайды.
Осылайша, таралған ақпаратты деректерді бұрмалауға және талқыға түскен өнімдер – шеллак пен кармин туралы толық ақпараттың берілмеуіне негізделген манипуляция.