Манипуляция: «Химиотерапия қатерлі ісікті агрессивті етеді»
Instagram-да химиотерапия қатерлі ісікті агрессивті етеді және метастаздың өсуіне әкеледі деген теория талқылануда. Мұны беделді ғалымдар жүргізген ғылыми зерттеу растаған екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Аталған зерттеу бар. Ол туралы жарияланым SCIENCE TRANSLATIONAL MEDICINE журналында 2017 жылғы шілде айында шыққан. Ғалымдар химиотерапияның сүт безі қатерлі ісігінің дамуына әсерін зерттеді. Тәжірибелер адамдарға емес, тышқандарға жүргізілді. Зерттеу қорытындысында ісіктердің өсуіне және метастазға емдеу әдісі ретінде жалпы химиотерапия емес, тек бір нақты ребастиниб препараты әкелуі мүмкін екендігі айтылған. Сондай-ақ ғалымдар химиотерапияның әсерінен сүт безі ісігінің өсуі оны жаңа ісіктерді хирургиялық жолмен алып тастағанға дейін тағайындалған кезде ғана ықтимал екенін атап өтті.
Сонымен қатар ғалымдар өз тәжірибелерінде тышқандардағы қатерлі ісіктердің тікелей өсуін тіркемеген, тек метастаздың көбею қаупін ғана анықтаған. Зерттеуге тышқандар қатысып, олардың нәтижелерін адамдардікімен теңеу дұрыс болмайтындықтан, зерттеу авторлары адамдарға химиотерапиядан бас тартуға асықпауға немесе одан қорықпауға кеңес берді. Керісінше, зерттеудің жетекші авторы, доктор Джордж Карагианнис пациенттерді химиотерапияның тағайындалған курстарын жалғастыруға шақырды, бірақ аурудың таралуын тексеру үшін жиірек қаралу қажет болады.
2017 жылдан бері ғалымдар тышқандарда ісіктердің өсуін тудыруы мүмкін химиотерапияның құрамдас бөлігі болып табылатын ребастинибке біраз зерттеу мен клиникалық зерттеулер жүргізді. Барлық кейінгі тәжірибелерде, соның ішінде адамдардың қатысуымен жүргізілгендерінде, препараттың жаңа ісіктер көлемін ұлғайту қасиеті тіркелген жоқ.
Жалпы ғылымның, әсіресе медицинаның дамуымен онкологиялық аурулары бар кейбір науқастар химиотерапиясыз жүре алатынын атап өткен жөн. Мысалы, бүгінгі күні сүт безі қатерлі ісігінің кейбір түрлерін емнің осы әдісіне жүгінбей-ақ емдеуге болады.
Демек, химиотерапия қатерлі ісік ауруын агрессивті етеді деген ақпарат – манипуляция. Бұл тақырыптағы зерттеу бар, бірақ ол тек тышқандарда жүргізілді және оның авторлары химиотерапияның кеміргіштерде қатерлі ісіктердің өсуіне себеп болғандығын растай алмады. Зерттеу барысында қарастырылған ребастиниб препаратының кейінгі сынақтары метастаздың пайда болуына себеп болатыны туралы гипотезаларды қуаттаған жоқ.