ҚР Қорғаныс министрлігі қазақстандық БТР-ды Ресейге жеткізу туралы қауесетті жоққа шығарды
Қазнетте әскери техника түсірілген кадрлар тарады. Бұл Қазақстанда шығарылған және Ресейге экспортталатын бронетранспортерлер екен. ҚР Қорғаныс министрлігі бұл ақпарат жоққа шығарды.
Шындығында, кадрларда көрсетілген техника Ресей Федерациясына бара жатқан жоқ.
«Мұның бәрі фейк», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомствоның ресми Telegram-каналында қазақстандық әскери техниканың қайда және қандай мақсатпен бара жатқаны туралы толық ақпарат ұсынылған.
«Әскерлерді даярлау жоспары шеңберінде Қарулы күштерде жауынгерлік даярлық сабақтары өткізіледі. Бөлімшелер практикалық оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау үшін жауынгерлік техникамен марш жасап, теміржол көлігімен еліміздің әр өңіріндегі полигондарға жеткізіледі.
Полигондарда тактикалық жаттығулар мен атыстар, күндіз де, түнде де өткізіледі. Бұл ретте әскери қызметшілердің мақсатқа сай тапсырмаларды белгіленген мерзімде орындауы, бөлімдердің үйлесімділігі мен қабілеті, сондай-ақ командирлердің бағынысты және сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқара білуі бағаланатын болады. Осыған байланысты, азаматтардан таратылған қауесеттерге мән бермей, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз», – делінген хабарламада.