Фейк: «Ескі су айдауыш мұнаралары – бұл баламалы энергия қабылдайтын құрылғылар»
Әлеуметтік желілерде пайдаланушылар архитектуралық стильдерімен ғана ерекшеленетін екі су айдауыш мұнарасының суреттерін таратуда. Бұрын мұндай құрылымдар баламалы энергия қабылдау үшін салынған, олардың барын бізден жасырып келген екен. Бұл дәлелсіз.
Алдымен фотосуретте не бейнеленгенін айтайық.
Бірінші суретте Польшаның Вроцлав қаласында орналасқан су айдауыш мұнарасы көрсетілген. Ол 1903-1904 жылдары сәулетші Карл Климмнің жобасы бойынша салынған. 1906 жылы мұнараның жоғарғы бөлігінде ақылы көру алаңы ашылды.
Мұнара 1980 жылдардың ортасына дейін жұмыс істеп, одан кейін жарамсыз болды. 1990 жылдары оны жеке компания сатып алды. Іші мен сыртын күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін (су жабдықтарынан басқа) ғимаратта мейрамхана ашылды.
Мұнара 80 жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп, оған адамдар барып тұрғанын, содан кейін жекеменшік компания күрделі жөндеу жүргізгенін ескере отырып, оның қатаң құпия энергия қабылдайтын құпия құрылғылармен жабдықталғанына сену қиын.
Екінші фотосуретте АҚШ-тың Элмонт қаласындағы су айдауыш мұнарасы көрсетілген. Ол 1930 жылдары салынып, 1990 жылдарға дейін жұмыс істеген, содан бері тоқтап тұр. Қала тұрғындары бірнеше рет наразылық акцияларына шығып, мұнараны жөндеуді талап еткен, өйткені оның тот басқан және бояуының түсуі қаланың жалпы көрінісін бұзады. Жергілікті билік 2023 немесе 2024 жылдары құрылысты жөндеуге уәде берді.
Мұнара баламалы энергия тасымалдауға немесе қабылдауға арналған деп ойлауға негіз жоқ.
Сонымен қатар, пайдаланушылардың қандай энергия туралы жазып отырғаны белгісіз. Бұған дейін желіде орта ғасырларда шексіз энергия алу және барлық вирустар мен бактерияларды жою технологиялары болғандығы туралы ақпарат тараған. Біз мұндай теорияның неге мүмкін еместігін түсіндірдік.
Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары бұрын электр энергиясын тікелей ауа арқылы тасымалдаған деп жазды, бірақ бұл теория расталмайды.
Қорыта айтқанда, фотосуреттерде баламалы энергия қабылдап, тарата алмайтын су айдауыш мұнаралары бейнеленген.