Манипуляция: «Жаңа әлемдік тәртіп туралы 25 жыл бұрын белгілі болды»
Telegram-арналарда елдердің егемендігінен айыруды, бірыңғай әлемдік валюта құруды және жалпы бақылауды көздейтін жаңа әлемдік тәртіп туралы айтылған видео таратылуда. Бұл кадрлар 1998 жылы түсірілген екен.
Видеодағы адам – белгілі конспиролог Дэвид Айк. Ол әлемдік элиталар адам «костюмін» киіп алған өзгеғаламшарлық рептилоидтар деген идеяны алға тартады. COVID-19 пандемиясы кезінде ол аурудың 5G технологиясымен байланысы туралы теорияларын таратып, жақтастарының санын арттырды.
Айк оның пікірін қолдайтындарға «дәрістер» оқып, өз теорияларын егжей-тегжейлі сипаттайтын кітаптар шығару арқылы күн көреді.
Яғни, Айктың сөздеріне өте күмәнмен қарау керек.
Жаңа әлемдік тәртіп туралы теория конспирологиялық болып табылады және бұрыннан бар. Сарапшылардың пікірінше, ол қазіргі уақытта иллюминаттардың – әлемді басқаратын элиталардан тұратын құпия қоғамның болуы туралы идеядан бастау алады. Шын мәнінде, иллюминаттар қоғамы тек 1785 жылға дейін ғана болған, оған әлемдік көшбасшылар емес, ағартушы ғалымдар, ақындар, жазушылар, музыканттар, философтар және басқалар кірді. Жаңа әлемдік тәртіп туралы қазіргі теория 1991 жылы тағы бір конспиролог Пэт Робертсонның кітабында сипатталған.
Теорияның негізгі идеялары – мемлекеттердің, отбасы институттарының және жеке меншіктің егемендігін жою, бірыңғай әлемдік валюта мен жалпы бақылауды енгізу. Кітап шыққаннан бері 32 жыл ішінде аталғандардың ешқайсысы жүзеге аспағаны анық. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде белгілі бір құпия әлемдік Үкіметтің бар екендігі және оның бүкіл адамзаттың өмірін түбегейлі өзгертуді жоспарлап отырғаны туралы ешқандай дәлел табылған жоқ. Конспирологияны жақтаушылар әлемдік қастандықтың барына барынша көп адам сенетіндей тіпті «БҰҰ құжаттарын» қолдан жасамақ болған, бірақ бұл әрекеттері тез арада әшкере болды.
Қорыта айтқанда, таратылған видеода белгілі конспиролог Дэвид Айк бұрыннан бар теорияны айтып берген. Видеоның шыққанына 25 жыл болды және айтылған «болжамдардың» ешқайсысы орындалмады. Яғни, видеода айтылғандарға сенбеген жөн. Бұл тағы бір дәлелсіз қастандық теориясы.