Fake News

Фейк: «БҰҰ барлық мемлекеттердің егемендігін, жеке меншікті және ата-аналардың бала тәрбиелеу құқығын жоюды жоспарлап отыр»

Әлеуметтік желілерде қолданушылар «жаңа әлемдік тәртіп» теориясын талқылауда. Тіпті, 2030 жылға қарай біртұтас әлемдік үкімет, бірыңғай цифрлық валюта және барлығы үшін әмбебап базалық кіріс орнатылады деп көрсетілген БҰҰ-ның белгілі бір құжатымен де бөлісуде. Бұл нұсқаға сәйкес, болашақта жеке меншік нысандарының барлық түрі және отбасы институты жойылады, ал табиғи азық-түлікке тыйым салынады. Мұның бәрі жалған.


Бүкіл адамзаттың қорқынышты болашағын сипаттайтын құжат «жаңа әлемдік тәртіп» деп аталады екен. Пайдаланушылардың хабарлауынша, оны БҰҰ әзірлеген, ал ұйым мүшелері 2021 жылдан 2030 жылға дейін көрсетілген тармақтардың бәрін орындауы тиіс. Шын мәнінде, БҰҰ-ның ресми сайтында осылай аталатын құжат жоқ. Жаңа әлемдік тәртіп туралы теория 2014 жылы АҚШ-та пайда болды. Оның авторы БҰҰ сайтында орналастырылған екі құжатқа сүйенеді: «Бағдарлама 21» және «Тұрақты даму бағдарламасы 2030».
Қастандық теориясы авторының айтуынша, құжаттарда жаңа әлемдік тәртіп орнату туралы айтылған. Іс жүзінде, оларда бұл туралы ештеңе жазылмаған.
«Бағдарлама 21» 1992 жылы қабылданды, әлеуметтік және экономикалық салаларды дамытуға; табиғи ресурстарды сақтау мен дамытуға; әйелдер, балалар, бизнес өкілдері, жұмысшы табы және т.б. сияқты халықтың негізгі топтарының құқықтарын нығайтуға; көрсетілген мақсаттарды іске асыру құралдарына арналған төрт секциядан тұрады.
Онда елдердің егемендігін жою, әлемдік үкімет, бірыңғай жаһандық валюта, біртұтас армия құру, еңбекақы мен жеке меншіктің барлық нысандарын жою туралы сөз қозғалмайды.
Екінші құжат, «Тұрақты даму бағдарламасы 2030», 2015 жылы қабылданды және 17 тармақтан тұрады.
Олар әлемдегі кедейлік пен аштықты жоюға, гендерлік және басқа теңдікке, соның ішінде елдер арасындағы теңдікке, ресурстарды ұтымды тұтыну мен пайдалануға және инклюзивті қоғам құруға қатысты.
Құжатта «жаңа әлемдік тәртіп» ұғымы және қастандық теориясында сипатталған тезистер кездеспейді.
Сондай-ақ, екі құжат та орындалуға міндетті емес, тек ұсынымдық сипатта ғана берілгенін атап өткеніміз жөн. Бұл ұсыныстарды ел үкіметтері өз қарауына қарай орындайды немесе орындамайды.
Демек, БҰҰ-ның әлемдік тәртіпті өзгерту жөніндегі жоспарлары туралы теория негізсіз. Бұл құжаттарда мемлекеттіліктің, жеке меншіктің, отбасы институтының және әлеуметтік желілерде тараған басқа да тезистердің күшін жою туралы пікірлер жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button