Медициналық фейктер

Фейк: «Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның жанама әсері өте көп»

Әлеуметтік желілерде адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинаның жанама әсері көп, сондықтан денсаулыққа қауіпті деген ақпарат тарады. Бұған ғылыми дәлелдер бар ма? Анықтайық.

Адам папиллома вирусына қарсы вакциналарға қатысты мифтер мен қате түсініктер көп. Әр түрлі уақытта Желіде бұл вакцинациялар бедеулікке, жыныс мүшелерінің бұзылуына әкеледі, аутоиммунды аурулар тудырады және өлімге себеп болуы мүмкін деген қауесет тараған.
Шын мәнінде, бұл мәлімдемелер негізсіз.
АПВ 16-ға қарсы моновалентті вакцинаның алғашқы сынақтары 1997 жылы басталып, оның нәтижелері 2002 жылы жарияланды. АПВ қарсы алғашқы лицензияланған вакцина – төрт валентті 6/11/16/18. Ол 2006 жылы нарыққа шығарылды. Бір жылдан кейін, 2007 жылы АПВ қарсы 16 және 18 вакциналар жасалды. Яғни, ғалымдарда жиырма жыл бойы жинаған деректер болды. Демек, АПВ қарсы вакциналардың тиімділігі және екпеден кейін пайда болатын жағымсыз реакциялар жақсы зерттелген. 
АҚШ Ұлттық онкология институтының хабарлауынша, 2015-2018 жылдар аралығында АПВ қарсы вакцинациядан кейін дамыған ауыр проблемалар саны 100 000-ға 1,8 немесе 0.0018% құрады. Бұл есептеулер VAERS препараттарына жағымсыз реакцияларды бақылау жүйесінен алынған мәліметтерге негізделген. Яғни, АПВ қарсы вакцинацияланған адамдар хабарлаған проблемалардың бәрі бірдей вакцинадан болмаған. Демек, вакцинациядан кейінгі асқынулардың нақты саны одан да төмен.
VAERS сайтында жазылғандай, «VAERS есептері вакциналардың қауіпсіздігін бақылау үшін өте маңызды болғанымен, оларды вакцинаның жағымсыз құбылыстарды немесе ауру тудырғанын анықтау үшін пайдаланылмайды. Есептерде толық емес, нақты емес, кездейсоқ немесе тексерілмеген ақпарат болуы мүмкін. Көбінесе VAERS-тегі есептер ерікті түрде жазылады, яғни олар біржақты болады. Бұл деректердің ғылыми мақсатта қалай қолданылатынына белгілі бір шектеулер қояды. VAERS есептеріндегі деректер әрқашан осы шектеулерді ескере отырып түсіндірілуі керек».
АҚШ Ұлттық онкология институтының мәліметтері бойынша вакцинаға ең көп таралған реакциялар – бас айналу, жүрек айну, бас ауруы, қызару және инъекция салған орынның ісіп кетуі. Кейде вакцинацияланған адамдар естен танып қалады. Бұл сирек болады. Әдетте, жоғарыда аталған барлық белгілер вакцинациядан кейін бірнеше күн өткен соң жойылады. 
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасының сайтында жарияланған АПВ вакцинасы туралы деректерді талдауға сәйкес, препарат қауіпсіз және ауыр аурулардың дамуына, фертильділіктің жоғалуына әкелмейді. АПВ қарсы вакцинацияның артықшылығы жағымсыз реакциялардың болу қаупінен әлдеқайда көп.

Демек, Қазнетте тараған хабарлама жалған. АПВ қарсы вакциналардың ауыр жанама әсерлерінің болу жиілігі өте төмен және препараттардың тиімділігі клиникалық дәлелденген.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button