Конспирология: «Адренохром сыра кегтерінде тасымалданады»
Пайдаланушылар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде «адренохром» деп жазылған сыра кегінің суретімен бөлісуде. Бұл сыйымдылық Heineken сыра қайнату компаниясына тиесілі және оны Shell компаниясы тасымалдайды екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Heineken компаниясына тиесілі «адренохром» құйылған кеганың суреті Желіде 2023 жылдың 26 ақпанында жарияланды. Бұл сурет Twitter-де де, конспирологиялық форумдарда да талқыланды. Бұл ретте кадрдың қайда, қашан және кім түсіргені айтылмайды. Сондай-ақ металл сыйымдылықтың жартылай кескіні мен түсініксіз фон бойынша пайдаланушылар оның Heineken компаниясына тиесілі екенін және оны Shell-ге тасымалдайтынын қалай түсінгені белгісіз.
Айта кетейік, Heineken сырасы 5 және 50 литрлік металл кегтерде сатылады. Алайда, екеуіне де компанияның логотипі салынады және ішінара жасыл түске боялады. Фотосуреттегі сыйымдылықта мұндай ерекшелік белгілер жоқ.
Сондай-ақ мұнай мен табиғи газ өндірумен, өңдеумен және сатумен айналысатын Shell компаниясының Heineken сырасын тасымалдайтыны туралы ашық ақпарат жоқ.
Таратылған суреттің түпнұсқалығын тексеру үшін біз оны FotoForensics платформасына жүктедік. Бұл кескіннің графикалық редакторларда өңделгенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте фотосуретке қосылған немесе өзгертілген элементтер ашық реңкпен жарықтандырылады, ал шынайы элементтер күңгірт болып көрінеді. Ал кеганың суретінде «адренохром» жазуына сілтейтін тілшелер, жазудың өзі және фоны ашық түсті болып шықты. Ешқанадй жазусыз кеганың өзі түпнұсқа сурет болып шықты. Демек, кеганың суреті фон ретінде қойылған, ал «адренохром» сөзі графикалық редакторлардың көмегімен жазылған.
Сондай-ақ қастандық теориясын жақтаушылар адренохром – бұл қорқытылған және қатыгездікпен өлтірілген балалардың миынан алынатын зат деп санайды. Ол өмірді ұзартады және мәңгілік жас болуға септігін тигізеді екен.
Шын мәнінде, адренохром – бұл ересектерде де, балалар ағзасында да өндірілетін адреналиннің тотығу өнімдерінің бірі. Ғалымдар оны көп жылдар бойы зертханаларда сәтті синтездеп келеді, бұл үшін ешкімді өлтірмейді. Оны кейбір ғылыми зерттеулерде қолданылады, сондай-ақ қан ұйығыштығының бұзылуына қарсы кейбір дәрі-дәрмектің құрамына кіреді. Адренохром жастық шақ та, эйфория сезімін де сыйламайды.
Демек, Shell компаниясы Heineken фирмасының сыра кегтерінде адренохром тасымалдайды деген мәлімдеме жалған. Біріншіден, фотосуреттің дереккөзі белгісіз және оның түпнұсқалығын тексеру құралдары кескіннің графикалық редакторларда өңделгенін көрсетті. Екіншіден, көрсетілген сыйымдылықтың Heineken компаниясына тиесілі, ал оны Shell компаниясы тасымалдайтынына дәлел жоқ. Үшіншіден, адренохром – зертханаларда ашық және заңды түрде синтезделетін рұқсат етілген зат. Оны сыра деп жасырын тасымалдаудың қажеті жоқ.