Конспирология

Фейк: «Генри Киссинджер вакциналар арқылы адамдарды бақылау туралы айтты»

Әлеуметтік желі қолданушылары америкалық саясаткер Генри Киссинджердің міндетті вакцинация туралы жалған дәйексөзін таратуда.

Хабарламаға сәйкес, 2009 жылдың 25 ақпанында Киссинджер: «Адамдар «ортақ игілік» үшін міндетті вакцинацияны қабылдағаннан кейін, ойын аяқталады. Әрі қарай, біз адамдарды генетикалық түрде өзгертіп, бізге қажет бағытта бақылай аламыз. Бұл әлемдік тәртіптің бастауы болады».
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл дәйексөзді адамдар вакциналар арқылы бақыланатынын ашық мойындаудың белгісі деп қабылдады. Алайда, Киссинджер олай айтпаған.
Бұған дейін бұл дәйексөзді Reuters, PolitiFact және Full Fact фактчекерлері жоққа шығарған болатын.

Генри Киссинджер – америкалық саясаткер және дипломат. Ол 70-ші жылдары АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы және президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі болған.

Киссинджердің сайтында оның барлық сөйлеген сөздерінің, соның ішінде 2009 ж сөзі мұрағатта сақталған. Сол жылы саясаткер екі рет баяндама жасаған: 26 сәуірде Токиодағы үшжақты комиссияның отырысында және 14 қазанда Париждегі Халықаралық энергетикалық агенттіктің 35 жылдығында.
Токиода Киссинджер халықаралық қатынастар, үшжақты комиссия құрудың маңыздылығы туралы айтты. Парижде сөйлеген сөзінде ол халықаралық энергетикалық агенттіктің және жалпы энергетикалық жүйенің жетістіктері туралы баяндады. Яғни, Киссинджер екі сөзінде де вакцинация туралы айтпаған және бұл дәйексөзді келтірмеген.

Сонымен қатар Киссинджердің өкілдері Reuters агенттігіне бұл дәйексөз саясаткердің сөзі емес екенін және толық ойдан шығарылғанын растады. 

Демек, әлеуметтік желілерде таралған сөз ойдан шығарылған. Бұл америкалық саясаткер Генри Киссинджердің дәйексөзі емес. Сонымен қатар ол мәжбүрлі вакцинация және адамдарды бақылау туралы мүлдем мәлімдеме жасамаған.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button