Конспирология: «Құбырлар мен жоталар түріндегі бұлттар қолдан жасалады және адамдарға қауіпті»
Әлеуметтік желілерде ерекше пішіндегі бұлтты түсіріп тұрған куәгерлердің видеосы тарады. Бұл құбылыс «адамзатқа қарсы шыққандардың ісі» екен. Бұл жалған және конспирология.
Видео әртүрлі елдерде түсірілген екі жазбадан құрастырылған. Екі жағдайда да кадрда шеті айқын және көлденеңінен созылған ашық, ақшыл бұлттар көрсетілген. Бірінші видеода көк аспан аясында бұлттар үлкен, бір-бірінен алшақ әрі параллель орналасқан диаметрі үлкен құбырлар тәрізді. Екінші видеода аспанды рептилия немесе жылан қаңқасының кеуде тұсына ұқсайтын, бірақ қабырғалары түзу үзік-үзік бұлт торлаған.
Екі видео да жылы мезгілде түсірілген. Екеуінің де дыбысы түпнұсқа, біріншісінде – қазақ және орыс тілдерінде, екіншісінде – испан тілінде сөйлейді.
Бірінші фрагментті 2020 жылдың 28 шілдесінде Қарағанды облысындағы Жәйрем кентінің тұрғындары түсірген.
Қазгидрометтің хабарлауынша, бұл сирек кездесетін метеорологиялық құбылыс «таңертеңгі глория» деп аталады. Ол көлденең бұралған бұлттарға ұқсайды. Бұл биіктігі 1-ден 2 шақырымға дейінгі найзағай, ол жерден 100 метр және одан жоғары биіктікте қалыптасады. Ұзындығы бір мың шақырымға жетіп, 60 км/сағ жылдамдықпен қозғалады.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның халықаралық бұлттар атласында ол орам тәрізді қабатты-түйдек бұлттардың сирек кездесетін түріне жатқызылған. Ол өз осінің айналасында айналатын құбырға ұқсайды. Бұл құбылыс әдетте жалғыз болады, алайда «орамдар» қатар орналасқан жағдайлар да кездеседі.
Екінші видеодағы бұлттар орам бұлттарға жатады, мұны суретті үлкейтсе, анық көруге болады. «Омыртқаға» ұқсағандықтан оларды жоталар деп атайды (лат. vertebratus).
Орам және жота бұлттардың пайда болуы табиғи құбылыс.
Бұлттар адамдарға қауіпті емес, олар судың және/немесе мұздың ең кішкентай бөлшектерінен тұрады және жерге түспейді.
Демек, видеолар атмосферада адамға немесе Жерге қауіпті немесе қолдан жасалған дүние көрсетілгенін растамайды. Керісінше, кадрлардан бұлттардың жіктеуіне енгізілген жалпы атмосфералық құбылыстар бейнеленген. Олар табиғи түрде қалыптасқан, бірегей емес және адамдарға қауіп төндірмейді.