Fake News

Конспирология және вирус: ең танымал қастандық теориялары

Қастандық теориясының пайымдауынша, әлемдегі ең маңызды әлеуметтік оқиғалар бекерден бекер болмайды. Бұл белгілі бір күшті адамдар тобы ойластырған қастандықтың нәтижесі. Қастандық теориясына деген сенім әр кезде де болған, бірақ COVID-19 пандемиясы кезінде қорқынышты хабарламалар ағыны бірнеше есеге артты. Жалған ақпараттар үлкен жылдамдықпен тарайды, әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде.

«Бүгінде жаңалықтар лентасы – біздің басты хабаршымыз болып отыр. Бірақ ол тек сенімді дереккөздерден ғана асып түсті. Енді олардың қатарына достарымыз бен қастандық теориялары, сүйікті ата-аналарымыз және WhatsApp чаттардағы хабарламалар қосылды», — дейді биыл коронавирустың әсерінен Дубайда онлайн форматта өткен Халықаралық өнер көрмесінің жазушысы және кураторы Шумон Басар. Оның сөздерін BBC келтіріп отыр.

Қастандық теорияларын жақтаушылар оқиғаларға қатысты кез келген ресми мәлімдемелердің жалған екеніне сенімді. Конспирология осы сенімге негізделеді. Зерттеушілер қастандық теорияларын ұжымдық қиялдың бір түрі деп атайды. Түрлі елдерде тұратын адамдар «әлемдік үкіметтің» құпия жоспарлары мен қастық ойларын қызу талқылауда.

Қазіргі кезде кеңінен тараған конспирологиялық теориялар мыналар:

– коронавирус – бұл 5G бағаналарын орнатудан туындаған адам ағзасына әсер ететін «радиация». Мұндай пайым пандемияға дейін шыққан. Бұған дейін бұл пікірді жақтайтындар 5G қатерлі ісік ауруын тудырады деп келген. Технологиялардың адам денсаулығына қауіп төндіретіні туралы ғылыми дәлелдер болмаса да, бұл теория өте жиі айтылады. Сонымен қатар, 5G мен коронавирус арасындағы байланыс та дәлелденбеген.

– COVID-19 вакцинасы планетадағы адамдар санын реттейтін құралға айналады. Қастандық теорияларын жақтаушылар COVID-19 пандемиясын әлемдік элита одан әрі жаппай вакцинациялау жүргізу үшін ойлап тапты деп санайды. Теория бойынша кейбір адамдар бұл екпені көтере алмай, көз жұмады. Ал қалғаны вакцинамен бірге электронды чип алады, бұл 5G бағаналары арқылы оларды бақылауға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, қыркүйектің басындағы жағдай бойынша кем дегенде 176 вакцина әзірленіп жатыр, олардың ішінде үшеуі клиникалық сынақтарға жіберілді. Бірақ бұл сынақтардың нақты қашан аяқталатыны және жаппай өндірістің қашан басталатыны белгісіз.

– коронавирус – бұл билікті басып алу және әлемдік нарыққа әсер ету үшін зертханаларда (америкалық, қытайлық немесе басқа) жасалған биологиялық қару. Бұл теорияны әртүрлі елдердегі саясаткерлер өз идеяларын насихаттау үшін жиі қолданады. Сондай-ақ, адамдар аспанда биікте ұшқан ұшақтың конденсациялық ізін байқап, ауаға белгілі бір «улы заттар» шашты деп айтады. «Химтрейлдер» туралы бұл аңыз көп жылдан бері белгілі, бірақ биыл ол ерекше таралып отыр.

Үлкен өзгерістер мен белгісіздік жағдайында қастандық теорияларын жақтаушылар саны артады, дейді қастандық теорияларын зерттеуші, Лидс университетінің профессоры Илья Яблоков. Оның айтуынша, мұның себептерінің бірі – әлсіздік сезімі. Адам жағдайға әсер ете алмаған кезде, ол басты күшті және бұл жағдайдың кімге пайдалы екендігін, сондай-ақ орын алған жайттар үшін кінәні кімге жүктеуге болатынын іздейді. Мысалы, әлемде коронавирустың таралуына кім айыпты?

«Бір қастандық теориясына сенетіндер үшін басқа теорияларға сену оңай, тіпті бұрынғы теориялары расталмай, жоққа шығарылса да», — дейді Илья Яблоков.

Ғалым болашақта конспирологтар қатары көбейеді деп санайды.

Қазірдің өзінда жалған ақпараттар ағыны жойқын болатынын көріп отырмыз. Технологияның қарсыластары 5G бағаналарын өртеуде, ал дәрігерлер вакциналаудан бас тарту денсаулыққа үлкен зиян келтіруі мүмкін екендігіне алаңдаушылық танытып отыр. 2019 жылы ДДСҰ вакциналауға қарсы қозғалысты қоғамдық денсаулыққа төнген қауіп деп атады.

Жасы үлкен адамдарда сыни ойлау қабілеті төмен, сондықтан олар фейк ақпараттарға тез сенеді. Жалған теорияларды қолдап, көп уайымдайды және тіпті жалған ақпаратпен бөліседі. Кейбір мемлекеттерде егде жастағы адамдарға көмектесу үшін ақпараттық сауаттылықты арттыру бойынша арнайы бағдарламалар әзірленген. Оларды фейк жаңалықтарды, фотосуреттер мен бейнелерді ажыратуға, сатираны тануға үйретеді және әлеуметтік желілердің алгоритмдерімен таныстырады.
Пойнтер институты егде жастағы адамдарға арналған нұсқаулығында кликбейттің белгісі болып табылатын сенсациялық тақырыптардан сақ болуды, авторларды өмірбаяндарын тексеру үшін ізденуді және ресми дереккөздерді тексеру үшін гиперсілтемелерге өтуді ұсынады.
Бұл әдістер фейк ақпараттар ортасында қалмау үшін кез келген пайдаланушыға пайдалы болады.

 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button