Жаңалықтар

Дәлелсіз: «Егілгендер арасында қатерлі ісікпен ауыру жағдайлары көбейеді»

Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде АҚШ докторы Шерри Тенпеннидің сөзі тарады. Оның айтуынша, жақын арада COVID-19 қарсы вакцина алғандар арасында қатерлі ісік ауруы көбейеді, ал Германияда вакцинацияланған адамдар АИТВ жұқтырады. Мұның бәрі өтірік.

Доктор Шерри Тенпенни – вакцинацияға қарсы адамдардың бірі және АҚШ-та COVID-19 пандемиясы туралы фейк жаңалықтар таратумен айналысады. Ол адамдарға иммундаудың қауіптілігі туралы ақылы кеңестер мен дәрістері арқылы байыды.

Оның тезистері фактчекерлердің, ғалымдар мен тәуелсіз мамандардың тексеруінен өтпеді. Мысалы, ол бұған дейін вакцинацияланған адамдар аутоиммундық аурулардан қайтыс болады және вакциналардан бес мыңнан астам адам «көз жұмды» деп мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, Шерри Тенпенни егілген адамдар денесіне қасық, шанышқы және басқа да металл заттарды тарта алатынын айтқан. 

Вакцинацияға қарсы адамдар егілгендер онкологиялық ауруларға бейім екендігі туралы әлемде COVID-19-ға қарсы жаппай иммундау басталғанға дейін де мәлімдеген. Бірақ оған ешқандай дәлел жоқ.

Біріншіден, бүгінгі күні қолданылатын барлық вакциналар зертханалық, клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан өтті, бұл туралы мәліметтерді желіден оңай табуға болады. Вакцинация нәтижесінде қатерлі ісік ауруы дамыған бірде-бір сынақ тіркелмеген.

Екіншіден, онколог мамандар мен медицинаның басқа салаларының өкілдері онкологиялық аурулардың дамуы COVID-19-ға қарсы вакцина салдырумен байланысты емес деген ортақ пікірге келді. 

Үшіншіден, онкологтар, керісінше, қатерлі ісік ауруы бар адамдарды КВИ қарсы вакцина алуға шақырады, өйткені ауруды жұқтырған жағдайда оның асқынуы өлімге әкелуі ықтимал. 

Төртіншіден, бүгінде әлемде халықтың шамамен 65%-ы, яғни, бес миллиардтан астам адам егілді. Сонымен қатар, олардың арасында қатерлі ісік ауруларының артуы тіркелмеген.

Доктор Тенпеннидің Германиядан келіп түскен мәліметтер вакцинацияланған адамдардың АИТВ-мен ауыратындығын дәлелдейді деген тұжырымына келетін болсақ, бұл кеңінен таралған және жоққа шығарылған фейк. Қаңтар айының басында фейк жаңалықтар мен қастандық теорияларын белсенді түрде тарататын The Exposé басылымы Германиядан алынған осындай мәліметтер туралы мақала жариялады. Германияда да, басқа жерлерде де вакцинацияның АИТВ-ға әкелетіні туралы нақты ақпарат жоқ. Мақалада келтірілген есептеулер манипулятивті және дұрыс емес.

Бұл ақпарат биыл қаңтар айында FullFact фактчекинг порталында толық теріске шығарылды. 

Демек, Шерри Тенпенннидің тұжырымы негізсіз және жалған болып табылады. Ал доктордың өзі ғылымға қарсы идеяларды таратумен ақша табатын вакцинацияға қарсы белсенді тұлға.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button