Фейк: «COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған адамдар өледі немесе аутоиммундық аурулардан зардап шегеді»
Telegram чаттарында доктор Шерри Тенпеннидің COVID-19 қарсы вакцина салдырғандардың бәрі кенеттен өледі немесе аутоиммундық аурулардан зардап шегеді деп мәлімдеген сұхбаты таралуда. Бұл тұжырым – жалған.
Шерри Тенпенни – АҚШ остеопаты, вакцинацияға қарсы адам. «Вакциналарға жоқ деңіз: барлық жастағы адамдарға арналған нұсқаулық» кітабының авторы. Тенпенни – вакциналар аутизм тудырады деген ескі мифтің жақтаушысы. Ол вакцинацияның және COVID-19 пандемиясының зияны туралы үнемі негізсіз идеялар айтады.
Бұл жолы остеопат Шерри Тенпенни COVID-19 қарсы вакцина жасатқан адамдарда жедел өлім мен аутоиммундық аурулар болады деп пайымдап отыр. Бұл мүлдем дәлелсіз.
Алдымен ол «вакцина» сөзінің анықтамасын келтіреді, оны «ағзаға енгізетін және антиденелер қалыптастыратын молекула» деп атайды. Бұл дұрыс емес. Вакциналар өздігінен антиденелер немесе одан басқа заттарды қалыптастыра алмайды. Вакциналар – бұл құрамында белсенді емес патоген немесе оның бөліктері бар препарат, олар ағзаға түскен кезде иммундық жүйеге ауру қоздырғышын «есте сақтауға» және оған иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді. Яғни, антиденелер мен T жасушалары организмге патогенге тап болған кезде оны тануға мүмкіндік береді, вакцина емес, адамның иммундық жүйесі құрады. Адам нақты ауруды жұқтырған кезде де солай болады. Жалғыз айырмашылығы – вакциналар ауруды және оның салдарын болдырмау арқылы иммунитетті дамытуға көмектеседі. Бұл сіреспе, полиомиелит, қызылша және басқалары сияқты өлімге немесе мүгедектікке әкелетін ауруларда өте маңызды.
Остеопаттың айтуынша, COVID-19 қарсы вакциналар аса қауіпті, өйткені олар өлімге немесе аутоиммундық аурулардың дамуына әкелуі ықтимал. Оның айтуынша, бұл қорқынышты жанама әсерлер препаратты салдырғаннан кейін 42 күннен бір жылға дейінгі аралықта абйқалады. Бұл ақпарат фактілерге қайшы келеді.
КВИ қарсы вакциналарды адамдарда сынау басталғалы бері остеопат Тенпеннидің тұжырымдары расталмағанына көз жеткізу үшін жеткілікті уақыт өтті. Атап айтқанда, Pfizer-BioNTech препаратын алғашқы еріктілер бір жылдан астам уақыт бұрын 2020 жылдың 5 мамырында алған.
Осы препаратпен егілуге ниеттілерді жаппай вакцинациялау 2020 жылдың 8 желтоқсанында, яғни алты айдан астам уақыт бұрын басталды. Жаппай өлім немесе аутоиммунды аурулардың көбеюі туралы хабарланған жоқ.
Moderna препараты адамдарда 2020 жылдың шілдесінде, яғни 10 ай бұрын сынала бастады.
Алғашқы еріктілер бұл вакцинаны ағымдағы жылдың сәуір айында ала бастады. Олардың көбінде екпе салдырғалы 42 күн өтті. Жаппай түсініксіз өлім-жітім немесе қауіпті аурулар туралы хабарламалар түскен жоқ.
Сондай-ақ, өткен жылдың шілде айында қытайлық Sinopharm вакцинасын (Қазақстанда Hayat Vax атауымен пайдаланылады) сынаудың үшінші кезеңі басталды. Осы жылдың сәуір айында барлық ниет білдірушілерді препаратпен жаппай вакцинациялау басталды.
Қазақстанда қолданылатын «Спутник-V» вакцинасын адамдарда сынақтан өткізу бір жылға жуық уақыт бұрын – өткен жылдың 16 маусымында басталды.
Бұл препаратпен жаппай егу алты ай бұрын – 2021 жылдың қаңтар айының ортасында басталды.
Бүгінгі таңда әлемде 1.56 миллиард адам COVID-19 қарсы вакцина салдырды. Вакцинацияланғандардың арасында жаппай өлім немесе ауыр аурулардың дамуы тіркелмеген.
Демек, остеопат Шерри Тенпенни тұжырымдары дәлелсіз және белгілі фактілерге қайшы келеді. COVID-19-ға қарсы алғашқы вакциналар адамдарда бір жылдан астам уақыт бұрын сынала бастады, ал бүкіл әлемде вакцинацияланғандардың саны аутоиммундық аурулардың дамуы мен вакциналардың арасында байланыс жоқ деп пайымдауға мүмкіндік береді.