Фейк: «Медицина – әлем бойынша өлім себептерінің ішінде үшінші орында»
Telegram-да тараған ақпараттың авторы әлемде өлім себептерінің үштен бірін медициналық қателіктер құрайды деп мәлімдеді. Бұған қандай да бір дәлел бар ма? Анықтайық.
Осындай тақырыптағы алғашқы хабарламалар 2016 жылы BMJ ғылыми журналында шықты. Алайда, онда жалпы әлем жайлы емес, тек АҚШ туралы ғана айтылды.
Жарияланған жұмыста жекелеген ауруханалардағы медициналық қателіктер туралы бірнеше зерттеудің қорытындысы келтірілген. Жұмыс авторлары көрсетілген өлім-жітім көрсеткішін бірнеше есеге көбейтіп, бүкіл елге қатысты қолданған және алынған көрсеткіш салыстырмалы түрде шындық деп пайымдаған.
Деректерді талдаудың бұл тәсілін ғылыми қоғамдастық сынға алды. Басылымға 58 пікір жазылды, олардың арасында өткір жауаптар да бар. Мысалы, Корольдік Қоғамдық денсаулық сақтау қоғамының мүшесі және Таяу Шығыс мемлекеттік саясат және басқару қауымдастығының мүшесі Майкл У. Поупджой «жұмыста келтірілген шикі статистика мүлдем пайдасыз және шатастырады» дейді. Сондай-ақ «егер мұндай деңгейде өңделген деректерді PhD дәрежесін алу үшін диссертацияны қорғайтын PhD кандидаты ұсынса, онда оны мүлдем қолайсыз деп санайтын едім» деп жазды.
BMJ журналының редакторлары доктор Каве Г. Шоджания және профессор Мэри Диксон-Вудс та медициналық қателіктерге арналған жазбаға қатысты егжей-тегжейлі пікір қалдырған. Олардың айтуынша, бұл жұмыс ғылыми зерттеу немесе талдау емес, өйткені онда деректерді бағалау мен есептеудің ғылым мақұлдаған әдістемелерінің ешқайсысы қолданылмаған.
«Авторлар IOM есебі жарияланған сәттегі төрт бағаның орташа арифметикалық мәнін, соның ішінде сапа мен қауіпсіздік рейтингтерін насихаттайтын коммерциялық компанияның бағаларын, АҚШ бас инспекторы Кеңсесінің (OIG) есебін және екі рецензияланған мақаланы алған. Құжатта сандық синтездің белгіленген әдістемесі қолданылмаған, сонымен қатар пайдаланылған зерттеулердің ішкі шектеулері де, экстраполяция процесіне қатысты қателер де талқыланбаған», – деді редакторлар.
Макгилл университетінің ресми сайтында аталған еңбекке қатысты медициналық қателіктер – АҚШ-та өлімнің басты үш себебінің бірі деген пікір бар.
Онда жұмыс авторлары қолда бар статистиканы қате талдап қана қоймай, сонымен қатар іріктеуді де елемеген, бұл бұрыс нәтижелерге әкеп соқтырғаны айтылған. Мәселен, Макгилл университетінің мамандары талқыланып отырған еңбек негізінде құрылған зерттеулердің бірі мүгедектігі бар немесе диализ немесе трансплантацияны қажет ететін бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы 65 жастағы және одан асқан медициналық көмек алушыларға қатысты екенін атап көрсетеді.
«Нақты мысал келтірейік: Америка Құрама Штаттарында ауруханаға жатқызылғандардың барлығын қарастыратын болсақ, онда ауруханаға жатқызылған он адамның бірі – босанған әйел. Мүгедектігі бар 65 жастан асқан пациенттердің өлім-жітім статистикасының іріктемесін алып, оны ауруханаға жатқызылған барлық пациенттерге, соның ішінде босанған әйелдерге экстраполяциялау – алма мен апельсинді салыстырумен бірдей», – делінген университет мамандарының пікірінде.
Сонымен қатар, пікірде еңбекте келтірілген кейбір деректердің әдейі орташаланғандығы және алдын алуға болатын өлім-жітімге мүлдем қатысы жоқ екендігі айтылған. Яғни, олар мұндай талдауда қолдануға жарамсыз.
Қорыта айтқанда, медициналық қателіктердің жиі болатыны туралы хабарлама жалған. Ол ғылыми қауымдастық сынға алған статистикалық деректерді қате талдауға негізделген.