Террористік шабуыл кезінде қандай фейктер көп таратылды
Соңғы күндері пайдаланушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламаларды көп таратып, қорқыныш пен дүрбелеңді күшейте түсті. Жиі таратылған фейктер мыналар.
1. «Нұр-Сұлтан мен Алматыда коммуникациялар өшіріледі және суға у қосқан»
Бұл туралы ақпарат Қазнетте 8 қаңтарда тарады. Бұл қауесетті Алматы комендатурасы мен елорда әкімдігі бірден теріске шығарды. Сумен жабдықтау жүйесі зертханалық бақылауда екені, қалаларда суды ажырату жоспарланбағаны хабарланды. Тіршілікті қамтамасыз етудің барлық объектілері, оның ішінде коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
2. «Жаңа коммуникация ережелері»: барлық платформаларда телефон сөйлесулерін тыңдау және жеке хабарламаларға қол жеткізу»
Қазақстандықтар 8 қаңтарда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жаппай бақылау, қоңырауларды тыңдау және жеке хат алмасуды қарау туралы хабарламаны талқыға салды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл фейк деп мәлімдеді.
3. «Белгісіз біреулер Алматы маңындағы әскери биозертхананы басып алды»
Бұл хабарлама қазақстандықтар арасында 9 қаңтарда тарады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі оны жоққа шығарып, нысанның күзетілетінін хабарлады.
4. «2000 тәліб Нұр-Сұлтанға келеді»
9 қаңтарда пайдаланушылар осындай ақпарат таратты. Елордалық комендатура қауесетті бірден жоққа шығарды.
5. «Полиция болып киінген адамдар пәтерлерді тонауда»
Сол күні тараған бір фейк елорда тұрғындарының үрейін алды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде полиция формасын киген белгісіз адамдар құжаттар тексеруді желеу етіп, пәтерлерге кіріп, тонайды деп жазды. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті бұл қауесетті жоққа шығарды.
Тек ресми ақпаратқа ғана сеніңіздер! Жаңалықтардың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болатынын ескертеміз. Өзіңізді қызықтырған ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіздер.