2020 жылдың ерекше фейктерінің Топ-5
StopFake.kz қазақстандықтар 2020 жылы Интернетте талқылаған ерекше және қызықты бес фейкті іріктеп алды.
5-орын: Жазық жер теориясы
Теорияның өзі бұрыннан бар. Таңқаларлық жайт, айдан анық нәрсені жоққа шығаратын адамдар көп. Биыл кейбір пайдаланушылар планетамыз мүлде планета емес, ғарыш кеңістігінде ұшатын диск дегенді талқыға салды. Әрине, бұл олай емес. Жердің шар тәріздес формасы ғарыштан түсірілген суреттер, математикалық есептеулер және Жер бетіндегі физикалық құбылыстар сияқты көптеген даусыз дәлелдермен расталады. Егер Жердің пішіні шар тәріздес емес, өзгеше болса, бұл мүмкін болмас еді.
4-орын: Коронавирус анықталған тауық еті
Қазнетте кеңінен тараған коронавирус анықталған тауық еті туралы жаңалық ескі фейктен шыққан. Дәлел ретінде ұсынылған фотода «пластик түтіктер» шығып тұрған тауық еті бейнеленген, іс жүзінде бұл құйрық қауырсындарының қалдықтары болып табылады. COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін қолданушылар бұл түтікшілер арқылы салмақ қосып, қымбатырақ сату үшін етке су құйылған деп ойлаған. Бірақ SARS-CoV-2 штаммы анықталғалы фейк күрделене түсті, ал фотосуреттегі жазу тауық етіне вирус «егіледі» деп өзгертілді.
3–орын: 5G технологиясы мен «ақылды тозаң» бүкіл адамзаттың санасын басқарады»
Биыл ғылыми-техникалық прогресс пен адам санасының технологиялардың толық бақылауында болу ықтималдығы қазақстандықтарды қатты алаңдатты. Кейбір әлеуметтік желілерді қолданушылардың пікірінше, бұл жүзеге асты, ал біз оны байқамадық. Ақыл-ойды басқару және адамдардың санасына әр түрлі идеяларды сіңіру 5G технологиясы мен «ақылды тозаң» арқылы жүргізіледі. Бақытымызға орай, екеуі де мұндай мүмкіндіктерге ие емес. Оның үстіне, Қазақстанда 5G енгізу әлі қолға алынған жоқ, ал «ақылды тозаң» әзірге әзірлену сатысында және еш жерде қолданылмайды.
2-орын: Көше шамдары – жаппай қырып-жою қаруы
Бұл туралы қазақстандықтар қараша айында британдық блогер жариялаған видеодан кейін айта бастады. Кадрларда ол көше шамын бөлшектеп, шамның қатерлі ісіктің қалыптасуына, қан кетуге және түсік тастауға әсер етуі мүмкін екенін дәлелдейтін бөлшектер бар деп мәлімдеді, Сондай-ақ, құрылғы жанынан өткендердің барлығын өлтіреді екен. Бақытымызға орай, бұл идеяның дәлелдері табылған жоқ. Кеңінен тараған видеоны көптеген мамандар мен ресми өкілдер жоққа шығарды.
1-орын: Әлемдік үкімет айды қосып, өшіреді
Айды бақылау да фейкке негіз болды. Жер спутнигінің өлшемі, түсі, жарықтығы мен аспандағы орнының өзгеруін кейбіреулерін Ай аспандағы проекция, оны әлемдік үкімет мүшелері қосады және өшіреді деген ойға итермеледі. Бірақ мұндай «шоудың» мақсатын ешкім түсіндіре алмады. Алайда, Ай Жер бетінде өмір сүретін адам басқаратын проекциясы деген пікір сын көтермейді. Айдың нақты қалай пайда болғаны белгісіз болса да, оның бетінен алынған барлық топырақ үлгілері оның табиғи түрде қалыптасқанын көрсетті. Ал Жер спутнигіне адамдардың көп мәрте қонуы оның материалдық, шар пішіндес және берік екенін дәлелдейді.