Қазақстандықтар жазық жер теориясы туралы роликтермен бөлісуде
Кейбір Қазнет пайдаланушылары арасында жазық жер теориясы кеңінен танымал. Оны жақтаушылар планетамыз диск тәрізді, Ғалам жоқ және әлемдік үкімет бізді алдауда деп санайды.
Қазақстандықтар бір-бірімен бөлісетін бейнероликте Жазық жер теориясын жақтаушы геодезияда да, теңізде жүзуде де, тіпті авиацияда да Жердің шар тәрізді модельдері пайдаланылмайтынын, ал барлық есептеулер планетамыздың жазық екеніне сүйене отырып жасалатынын алға тартады.
Әрине, бұл олай емес. Геодезистер, артиллеристер және басқа да бірқатар мамандық өкілдері есептеулерде Жердің қисықтығына және рефракцияға түзетулер енгізуге міндетті болып табылады.
Әуе бағыттары да планетамыздың шар пішінін ескере отырып жасалады. 2018 жылы жер диск деп ойлаған блогер Flat Out Hero ыңғайсыз жағдайға тап боғлан. Ол ұшу картасының көмегімен ұшақты А нүктесінен В нүктесіне, содан кейін В нүктесінен С нүктесіне жетіп, А нүктесіне қайта оралған кез келген адамға 100 мың доллар сыйақы төлейтінін жария етті. Бұл ретте барлық қашықтық тең болуы керек және тек 90 градусқа ғана бұрылуға болады. Жер жазық болғандықтан ол мұндай маршрутты ұшып өту мүмкін емес екеніне сенімді болды.
Алайда, YouTube қолданушысы Wolfie6020, мамандығы бойынша ұшқыш маршрутты әзірлеп, оны ұшып өте алды. Бірақ уәде етілген марапатты алған жоқ.
Сонымен қатар, жердің шар пішіндес екендігінің дәлелі көп, оларды қоршаған ортаны бақылау арқылы көруге болады. Мысалы, планетамыз Айдың тұтылуы кезінде айға дөңгелек көлеңке түсіреді, жердің әртүрлі нүктесінен қарағанда жұлдыздар жоғары және төмен болып көрінеді. Солтүстік жарты шарда адамдарға көрінетін шоқжұлдыздар Оңтүстікте көрінбейді. Таң атқанда күн сәулесі ең алдымен биік заттарға: тауларға, биік ғимараттарға, төбелерге түседі. Сондай-ақ, алыстағы заттар жақындаған кезде көкжиектен «өсіп» кеткендей болады.
Жазық жер теориясы талай рет теріске шығарылғанына қарамастан, оны жақтаушылар саны артып келеді. Бірақ бұл теория қалыптасқалы ол мына құбылыстарды әлі де болса түсіндіре алмай келеді: адамзаттан жер формасын жасыру кімге керек; егер Ғалам болмаса, онда жер қайда; неге барлық басқа планеталар мен жұлдыздар шар пішіндес, ал Жер жазық. Дегенмен, іргелі базаның болмауы конспирологияны жақтаушыларға ғылымға қарсы теорияларға сенуге және жерсеріктер мен ғарыш аппараттарының суреттері сияқты сөзсіз дәлелдерді жоққа шығаруға кедергі емес.