Фейк: «Жоғары қоректік диета ұстанатын адамдарда тері қатерлі ісігі болмайтыны ғылыми дәлелденген»
Қазнетте тері обырының дамуы адамның диетасына тікелей байланысты деген ақпарат тарады. Бұл теорияны дәлелдейтін зерттеу бар екен. Сондай-ақ хабарлама мәтінінде күн сәулесі тері қатерлі ісігін емдеуге көмектеседі және оның дамуына ықпал етпейді делінген. Мұның бәрі өтірік.
Қатерлі ісік ауруын күн сәулесімен және жоғары қоректік диетамен емдеуге болады деген идеяның авторы және дәріптеуші – америкалық Лорейн Дэй. Оның айтуынша, ол өз әдісіне сүйене отырып, сүт безі қатерлі ісігінен айығып шыққан. Алайда, бұл дәлелсіз, бірақ Дэйдің қатерлі ісігі хирургиялық жолмен алынғаны туралы медициналық жазбалар бар.
Оның теориясының бірінші бөлігінде күн сәулесі қатерлі ісік ауруын қоздырмайды, оны емдеуге көмектеседі делінген. Бұл толығымен ғылымға қарсы. Тікелей күн сәулесінде тұрақты және ұзақ уақыт болу тері қатерлі ісігінің даму ықтималдығын арттыратындығы көрсетілген ауқымды рецензияланған ғылыми зерттеулер бар.
Ағзада күн сәулесінің әсерінен қалыптасатын D3 дәрумені онкологиямен ауыратын науқастардың біршама сауығуына ықпал етеді, бірақ оны күннің астына көп жүріп емес, тағамдық қоспалар түрінде қабылдаған қисынды.
Теорияның екінші бөлігіне сәйкес, жоғары қоректік диета ұстанатын адамдарда тері қатерлі ісігі болмайды. Мұны Бэйлор институтында жүргізілген зерттеу дәлелдейді. Ол туралы Лорейн Дэйдің өзінің «Қалыпқа келу жұмыстарын бастау» атты кітабында жазған. Дэйдің айтуынша, тәжірибе аясында тышқандардың бір тобын әдеттегі америкалық диета бойынша, ал екіншісін жоғары қоректік тағаммен қоректендірген. Нәтижесінде, екінші топтағы бірде-бір тышқанда қатерлі ісік болмаған. Шын мәнінде, ол айтқан зерттеуде мұндай ештеңе жазылмаған.
Бұл зерттеу «Тамақ антиоксиданттары арқылы ультракүлгін сәулемен қоздырылған ісіктердің пайда болуын басу» деп аталады. Мәтінде тышқандардың екі тобын ультракүлгін сәулемен сәулелендіріп, қатерлі ісіктердің қалыптасуына жағдай жасалғаны айтылған. Алайда, бір топ теңдестірілген зертханалық тамақпен, ал екінші топ антиоксиданттар қосылған осындай тамақпен қоректендірілген. Нәтижесінде, екі топта да тірі қалған тышқандар болған.
Яғни, іс жүзінде Лорейн Дэй зерттеуді өзі әзірлеген қатерлі ісікті емдеу әдістемесінің нәтижесіне «сәйкестендіріп», әдейі дұрыс сипаттамайды.
Дегенмен, қатерлі ісік пен диетаның өзара байланысы тақырыбындағы өзекті зерттеулер бар. Онда тамақтану онкологияның дамуына әкелуі ықтимал екені айтылған, бірақ оның қаупі жалпы өмір салты, тұқым қуалаушылық және жаман әдеттерден әлдеқайда төмен.
Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде, күн сәулесі қатерлі ісікті емдеуге көмектеспейді және диета онкологияның даму қаупін айтарлықтай төмендете алмайды деп қорытынды жасауға болады. Демек, таралған ақпарат – фейк және адамдарды жаңылыстырады.