Фейк: «Бір бокал қызыл шарап бір сағат жаттығумен тең»
Күніне бір бокал шарап ішу бір сағат жаттығуға тең екені рас па? Мұны Альберта университетінің ғалымдары дәлелдеген екен. Тексеріп көрейік.
Дене жаттығуларын қызыл шараппен алмастыру мүмкіндігі туралы жаңалық БАҚ-та 2016 жылы шыққан. Сондай-ақ онда 2012 жылы жүргізілген зерттеуге сілтеме берілген.
Зерттеуде алкоголь спортты алмастыра алады деп жазылмаған. Онда кейбір жемісте, жаңғақта және қызыл шарапта болатын зат ресвератрол физикалық белсенділікті күшейте алады делінген. Эксперименттер тек зертханалық модельдерде ғана жүргізілді, теория адамдарда тексерілмеген.
Альберта университетінің сайтындағы зерттеу туралы мақалада ғалымдар ресвератролды жүрек жеткіліксіздігі бар қант диабетімен ауыратын адамдарда сынамақ болғаны айтылған. Еңбек авторларының пайымдауынша, бұл зат физикалық белсенділік танытуға болмайтын адамдарға аз ғана жаттығулардан пайда көруіне септігін тигізеді. Алайда, Желіде бұл зерттеудің нәтижелері туралы хабарламалар табылмады. Яғни, оның жүзеге асырылған-асырылмағаны, егер жүзеге асса, нәтижесі қандай болғаны белгісіз.
Сонымен қатар 2015 жылы Альберта университетінің сайтында кейбір бұқаралық ақпарат құралдары аталған ғылыми жұмысты дұрыс түсіндірмегені жайлы ақпарат жарияланды.
«Қызыл шарап спортзалға бармауға себеп емес, болды. Journal of Physiology журналында жарияланған, одан кейін 2012 жылы Science Daily журналында шыққан зерттеу кейбір жемісте, жаңғақта (және қызыл шарапта) кездесетін табиғи ресвератрол қосылысы жаттығулардың тиімділігі мен өнімділігін арттыратынын көрсетті», – делінген сайтта.
Сондай-ақ ақпаратта қызыл шараптың құрамындағы ресвератролдың мөлшері өте аз екендігі айтылған. Шараптан заттың жеткілікті мөлшерін алу үшін күніне жүзден мың бөтелкеге дейін шарап ішу керек.
Қорыта айтқанда, жаттығуды қызыл шараппен алмастыруға болатындығы туралы хабарламалар ғылыми экспериментті қате түсіндіруге негізделген фейк болып табылады.