Фейк: «Қатерлі ісік – бұл В17 дәруменінің тапшылығы»
Әлеуметтік желілерде қатерлі ісік ауруын емдеудің жаңа әдісі – иммунонкология туралы ақпарат тарады, соның арқасында бұл ауруды тұмау сияқты тез емдеуге болады. Сонымен қатар хабарлама авторы қатерлі ісік В17 витаминінің жетіспеушілігі деп санайды, оның орнын үшін жеміс сүйектерін жеу керек екен, мысалы, өрік пен алманың, бидай өскіндерін немесе жаңғақтар мен жидектерді. Ең тиімді құрал – мұздатылған лимон. Сондай-ақ қатерлі ісік ауруы денеге сабын немесе ыдыс жуатын бөлшектер енуінің себебінен туындайды екен. Шындығында, айтылған ақпарат жалған.
Қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін қауіп факторлары белгілі. Олардың ішінде адамның жасы, гендердің зақымдануы, темекі шегу немесе пассивті темекі шегу, күн сәулесі, артық салмақ, жүріс-тұрысы аз өмір салты, алкоголь ішу және дұрыс тамақтанбау. Бұл тізімде В17 дәруменінің жетіспеушілігі жоқ.
Тізімді америкалық онкологиялық қоғамның сайтынан көруге болады.
Сонымен қатар хабарламада иммунонкология туралы жазылған. Бұл ағзаның иммундық жүйесін қатерлі ісікпен күресу үшін қолданатын емдеу әдістерін зерттеу және дамыту. Қатерлі ісікке қарсы иммунотерапияның мақсаты – иммундық жүйені ауруды танып, оған шабуыл жасай алатындай етіп өзгерту. Бірақ дененің қатерлі ісігі мен сау жасушалары жиі ұқсас болғандықтан, емдеу қиын болуы мүмкін. Бұл қатерлі ісік ауруын оңай емдеуге болады деген пікірге қайшы келеді.
Енді қатерлі ісікке қарсы керемет дәрі-дәрмек – өрік, алма және басқа да жемістердің сүйектері мен тұқымдары неге емм болмайтыны және зиян тигізуі мүмкін екенін талдайық.
Өткен ғасырдың басында өрік сүйектерінеен осындай «дәрі» жасаған Эрнст Кребстің медициналық білімі жоқ, ол емтихан тапсырмағандықтан медициналық колледжден шығарылған. Сонымен қатар Кребс тыйым салынған және тұтынуға қауіпті деп танылған басқа да псевдодәрілер ойлап тапқан.
Оның дәрі-дәрмегі адамдарда тексерілгенімен, олар қатерлі ісік ауруына тиімді ем бола алмады. Бұл ретте зерттеулер кейбір жемістердің, соның ішінде өріктің сүйектері мен тұқымдарының зиянын дәлелдейді. Олардың құрамында «амигдалин» заты бар, ол сілекеймен әрекеттескенде басқа зат – «цианидке» айналады. Цианид өз кезегінде тез әрекет етеді және өлімге әкелуі мүмкін. Жеміс тұқымдарынан басқа, ол темекі түтінінде болады және қағаз бен пластик өндірісінде қолданылады. Цианид газымен тыныс алу да, затты көп мөлшерде тұтыну да аса қауіпті.
Сондай-ақ фейкте қатерлі ісік ауруын бидаймен, жаңғақпен және жидек өскіндерімен емдеуге болады делінген. Бірақ олардың да құрамында амигдалин бар, оны көп мөлшерде және аш қарынға жеген кезде адам улануы, тіпті өліп кетуі мүмкін.
Хабарламада айтылған лимон да қатерлі ісікті емдемейді. Олардың қабығында қуықасты безі, сүт безі және тері қатерлі ісігінің таралуын тежейтін модификацияланған цитрус пектині бар. Бұл зат обыр клеткаларының бөлінуін және таралуын қиындатады, бірақ бастапқы ісікке әсер етпейді. Қазіргі уақытта пектиннің обыр жасушаларын емдеудегі тиімділігін дәлелдейтін сенімді зерттеулер жоқ екенін атап өткен жөн.
Нәтижесінде, аталған табиғи өнімдердің ешқайсысының қатерлі ісікпен күресте тиімділігі ғылыми дәлелденбеген. Сонымен қатар кейбір өнімдер құрамында амигдалин болғандықтан адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіріп, өлімге әкелуі мүмкін. Демек, ақпарат – фейк.