Fake News

Фейк: «Қазақстан ажырасулар саны бойынша әлемде екінші орында»

Әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-та Қазақстан 2022 жылы ажырасулар саны бойынша әлемде екінші орында тұрғаны туралы ақпарат жарияланды. 1000 адамға шаққандағы ажырасулардың үлесі 4,6 құрады. Бұл шындыққа жанаспайды.

Желіде тараған ажырасулар бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Мальдив аралдарынан кейін әлемде екінші орында тұр, бұл кесте advocatsmart.no сайтынан алынған. 
Өз кезегінде ол Worldpopulationreview.com сайтына сүйенеді. Нақ осы порталдың хабарлауынша, Мальдив аралдарын есептемегенде, Қазақстанда әлемнің кез келген жеріне қарағанда жиі ажырасады екен. Бұл ретте мақалаларда қандай да бір дереккөздерге сілтеме берілмеген. Бірақ Қазақстан бойынша статистикалық ақпаратқа арналған тұтас бөлім бар. Оның жартысы мүлдем дұрыс емес. Мысалы, осы сайтқа сәйкес, Астана халқының саны небәрі 345 мың адамды құрайды, ал ресми статистика бойынша 2022 жылдың соңында елордада 1 350 228 адам тұрған. Шымкентте де осындай жағдай. Плафтормда қалада небәрі 414 мың адам тұрады делінген, ал іс жүзінде қала халқының саны миллионнан асады.
Демек, Worldpopulationreview.com сайтындағы ақпаратқа сенуге болмайды.
Сонымен қатар Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Жұлдыз Ысқақова Қазақстандағы ажырасудың рекордтық деңгейі туралы жаңалықты жоққа шығарды. Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында тараған статистикалық мәліметтер дұрыс емес деп жазды.

«Достар, қазіргі кезде бірқатар БАҚ 2022 жылы халықтың 1000 адамына шаққанда 4,6 көрсеткішімен ажырасу коэффициенті бойынша Қазақстан әлемде 2-орынға шыққаны туралы ақпаратты жариялауда. Бұл ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын, себебі ол қазақстандық статистикалық деректермен де, БҰҰ деректерімен де расталмайды.

Бүгінгі таңда тек 2021 жылғы көрсеткіш қана белгілі, ол халықтың 1000 адамына шаққанда 2,54-ке тең. Бұған дейінгі көрсеткіштер 2019 жылы 3,23 және 2020 жылы 2,56-дан жоғары болды. 2022 жылғы деректер әлі жарияланған жоқ», – делінген хабарламада.

Қорыта айтқанда, Қазақстан 2022 жылы әлемдегі ажырасулар саны бойынша екінші орында тұрған жоқ. Бұл туралы ақпараттар фейк болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button