Фейк: «SARS-CoV-2 жаңа штамдары кесте бойынша пайда болады»
Қазнет пайдаланушылары SARS-CoV-2 коронавирусының түрлері мен мерзімі көрсетілген кесте суреттерімен бөлісуде. Дүниежүзілік экономикалық форум, Билл және Мелинда Гейтс қоры, Джонс Хопкинс Университетінің және ДДСҰ логотиптері бір-біріне жақын орналасқан, бұл «кестені» нақ осы ұйымдардың әзірлегенінің белгісі. Бұл фейк.
Жаңа штамдардың пайда болуының «кестесі» туралы хабарлама бастапқыда Желінің испан тілді сегментінде тараған. Newtral басылымы оны ағымдағы жылдың 26 шілдесінде жоққа шығарды.
Кесте қандай да бір ресми құжаттың бөлігі емес, ондағы ақпарат фактілерге қайшы келеді.
Sars-CoV-2 вирусының қазірдің өзінде тіркелген және зерттелген түрлерінің тізімі ДДСҰ ресми сайтында жарияланған.
Онда жалпы төрт тіркелген түрі бар: альфа, бета, гамма және дельта. Мұның бәрі 2020 жылы анықталған. Әлеуметтік желілерде тараған кестеде альфа, бета және гамма нұсқалары мүлдем көрсетілмеген, ал дельта биыл маусым айында табылған делінген.
Сондай-ақ, ДДСҰ сайтында Sars-CoV-2 коронавирусының әлі де зерттеліп жатқан түрлері ұсынылған кесте бар. Жалпы саны төртеу: эта, йота, каппа және лямбда. Олар сәйкесінше, ағымдағы жылдың 17 наурызында, 24 наурызында, 4 сәуірінде және 14 маусымында анықталды.
Әлеуметтік желілердегі «кестеге» сәйкес, эта және йота түрлері күзде, каппа – желтоқсанда, ал лямбда – 2022 жылы табылуы керек.
Осылайша, «кестеде» көрсетілген мерзімдер жаңа нұсқалардың пайда болуының нақты деректерімен сәйкес келмейді.
Сондай-ақ, «кестеде» бүгінгі күні мүлдем хабарланбаған түрлер көрсетілген.
Айта кетейік, вирустың түрлерін штамм деп атау дұрыс емес. Вирустың түрі түпнұсқадан бір немесе бірнеше өзгерістермен ерекшеленеді, бұл ретте түпнұсқа мен түрдің арасында түбегейлі айырмашылық болмайды. Штамм – бұл түпнұсқадан құрылымы, әрекеті және басқа да сипаттамалары бойынша өзгеше болуы мүмкін толықтай өзгертілген вирус.
Бүгінде Sars коронавирусының тек екі штаммы ғана бар: Sars-CoV-1 және Sars-CoV-2. Біріншісі ауыр жедел респираторлық синдром коронавирусын, екіншісі – СOVID-19 тудырады.
Осылайша, желіде таратылған «кесте» ресми құжаттың бөлігі емес, графикалық редакторлардың жұмысының нәтижесі болып табылады. Онда вирустың анықталған үш түрі жоқ, ал басқаларын анықтау мерзімі нақты күндермен сәйкес келмейді. Сондай-ақ, кестеде бүгінгі күні бар екендігі туралы хабарланбаған нұсқалар бар, сәйкесінше олардың бар-жоғын нақты айту мүмкін емес.