Жаңалықтар

Түркменстан: кез келген ақпарат мемлекеттің бақылауымен таратылады

Түркменстан – посткеңестік кеңістіктегі ең жабық елдердің бірі. Бұл мемлекет барлық ақпаратты қатаң бақылайды. Елде көптеген әлеуметтік желілер бұғатталған. Гурбангулы Бердімұхамедов билікке келгелі Түркменстанда интернет-кафелер ашылып, желілік инфрақұрылым дами бастады. StopFake.kz Түркменстанда жалған ақпарат таратумен қалай күресетіні жайлы айтып береді.

Интернет

«Akamai Technologies» америкалық агенттігінің мәліметтері бойынша, Түркменстан халқының 20% Интернетті пайдаланады. Елде Facebook, WeChat, Viber мессенджерлері, кейбір жаңалықтар сайттары, Вконтакте, «YouTube», «Facebook», «Twitter» қолжетімсіз. Сондай-ақ, Интернетке қатаң цензура қойылған. Билікті сынағандардың бәрі бұғатталады. Үкімет пайдаланушылар кіретін сайттарды бақылап отырады. Бүгінгі таңда VPN қызметтеріне де тосқауыл қойылуда.

Заңдар

Конституцияға сәйкес, Түркменстан – тұрақты бейтараптық мәртебесіне ие демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет. Әр адамға ой мен сөз еркіндігіне кепілдік беріледі (42-бап). Ол заңда тыйым салынбаған тәсілмен ақпарат іздеуге, алуға және таратуға құқылы.

Түркменстанның Қылмыстық кодексінде жалған ақпарат ұсынғаны, көпшілік алдында сөйлеген сөзінде жала жапқаны, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жұмысынжа жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Түркменстанның «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы 2013 жылы қабылданды. Құжатта ақпаратты жинау, дайындау және тарату тәртібі белгіленген. Сондай-ақ азаматтардың шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына кедергісіз қол жеткізуіне кепілдік беріледі.

Жазалар

Түркменстанның Қылмыстық кодексінің 132-бабына сәйкес, жала жапқаны үшін, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын немесе оның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқаны үшін, егер ол көпшілік алдында сөз сөйлегенде, көпшілікке ұсынылған шығармада немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілсе, 10-нан 30-ға дейінгі орташа айлық еңбекақы мөлшерінде айыппұл көзделген. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар ауыр зардаптарға әкеп соқса, немесе аса ауыр қылмыс не болмаса сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс жасады деген айыптаумен бірлесіп жүзеге асырылса, 30-дан 50-ге дейінгі орташа айлық еңбекақы мөлшерінде айыппұл салынады немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ең жоғарғы жаза – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру – Түркменстан Президентіне жала жапқаны және қорлағаны үшін қарастырылған. Мемлекеттік билік өкілін қорлау айыппұл немесе 2 жылға дейін түзеу жұмыстары түріндегі жазаға әкеп соғады.

«БАҚ туралы» заңда ақпаратты жарияламаудың ерекше жағдайлары көрсетілген. Мысалы, жалған ақпарат және азаматты қорлайтын, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпарат таратуға тыйым салынады (42-бап).

Түркменстанда ақпарат көздерін бақылау COVID-19 пандемиясына байланысты тағы да күшейтілді. Халық арасында дүрбелеңге жол бермеу үшін «коронавирус» сөзін қолдануға тыйым салынды және ол арнайы кітапшадан алынып тасталды, елде жалпы жедел респираторлық инфекциялар профилактикасына баса назар аударыла бастады.
https://www.kommersant.ru/doc/4309435

Айта кетейік, Түркменстан – Орталық Азияда COVID-19 жұқтырған бірде-бір адам ресми тіркелмеген жалғыз ел.

Қорытынды

2019 жылы Түркменстан «Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымының жыл сайынғы баспасөз бостандығы рейтингінде соңғы, 180-ші орынға тұрақтады.
Жақында Гурбангулы Бердімұхамедов түркмен БАҚ-тарына ұлттық экономиканың барлық секторларында елдің қолжеткізген табыстары туралы ақпаратты әлемдік қоғамдастыққа жеткізу үшін танымал әлеуметтік желілерде тіркелуді тапсырды. Сонымен қатар, Президент «халық арасында сенімді ақпарат тарату үшін интернет-хабарламалармен алмасудың заманауи ұлттық жүйесін» әзірлеуді ұсынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button