«Қазақмыс» корпорациясы» «Жомарт» кенішіндегі наразылықтар туралы видеоға қатысты пікірін білдірді
Әлеуметтік желілерде «Жомарт» кенішінде түсірілген видео таратылуда. Пост жазбасында кәсіпорын қызметкерлері мәжбүрлі вакцинацияға наразылық білдіруде деп жазылған. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Корпорация басшылығының ресми мәлімдемесіне сәйкес, вакцинациялау туралы шешімді қызметкерлер өздері қабылдайды, жұмыс беруші тарапынан қысым жоқ.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС хабарлағандай,«Жомарт» кенішіндегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты кеніштегі қызметкерлерге вахтаны 8 шілдеге дейін ұзарту ұсынылды. ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес бір жарым есе мөлшерде төлей отырып, мерзімді ұзарту туралы шешім еңбек ұжымының келісімімен жұмыс жиналысында қабылданды.
«Вакциналау мәселесінде компанияның әрбір қызметкері өз бетінше, саналы және ерікті түрде вакцинациялауға келісім беру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бұл мәселеде жұмыс берушіден қызметкерлерге ешқандай қысым көрсетуге жол берілмейді», – делінген «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдиннің хабарламасында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Жомарт» кеніші штаттық режимде жұмыс істеуде.