Манипуляция: «Ұжымдық иммунитет теориясының вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ»
Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар ұжымдық иммунитет вакцинациямен байланысты емес деген ақпаратты таратуда. Авторлар доктор Артур Хедричтің 1932 жылғы зерттеуіне сүйенеді. Алайда зерттеу қорытындылары бұрмаланған.
Telegram-арнадағы сілтеме «Медальтернатива.инфо» сайтына және «Ұжымдық иммунитет теориясының вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ» деген ақпаратқа апарады. Автордың пікірінше, доктор Артур Хедричтің АҚШ-тың жекелеген аймақтарында қызылша ауруы туралы зерттеуінің қорытындысы бұл тақырыпқа дәлел болып табылады.
«Жұқпалы ауруға шалдыққан және оған табиғи иммунитеті қалыптасқан ұжым (қауымдастық) мүшелері неғұрлым көп болса, аурудың бүкіл ұжымға (қауымдастыққа) тигізетін қаупі соғұрлым аз болады».
Автор кейіннен бұл тұжырым былай бұрмаланған деп санайды:
«Топ мүшелері жұқпалы ауруға қарсы қаншалықты көп вакцинацияланса және оған қарсы иммунитет пайда болса, аурудың бүкіл ұжымға (қауымдастыққа) тигізетін қаупі соғұрлым аз болады».
«Айла-шарғыны байқадыңыз ба? Аяқ астынан жұқпалы аурумен байланыстың маңыздылығы жойылып, вакцинациямен алмастырылды, табиғи иммунитеттің маңыздылығы төмендеді», – делінген әлеуметтік желілерде таратылған хабарламада.
Шын мәнінде, Хедричтің 1930-1932 жылдары жарияланған бақылаулары мен тұжырымдары ғалымдарды қызылшаны жеңу үшін вирусқа қарсы иммунитеті бар популяцияны көбейту керек деген ойға итермеледі. Кейіннен қызылшаға қарсы бағдарлама әзірленді, оған нәрестелерді жоспарлы иммундау және мектепке қабылданған кезде балаларды иммундау кірді. Әрине, Хедричтің есептеріндегі тұжырымдар өзгерген жоқ. Бұл манипуляция.
Хабарламадағы тағы бір тезис:
«Хедричтің ұжымдық иммунитет теориясы вакцинадан қалыптасқан жасанды иммунитет табиғи иммунитетке ұқсас деген мифпен бұрмаланған, бұл дұрыс емес».
Ұжымдық иммунитет ұғымына келетін болсақ, бұл термин халықтың басым бөлігі вирусқа қарсы иммунитетке ие болған жағдайды сипаттау үшін қолданылады.
Ұжымдық иммунитет табиғи түрде пайда болады немесе вакцинация арқылы қалыптасады. Екінші түрі жоғары жұқпалы вирустармен, мысалы, қызылша вирусымен күресу үшін қажет. Бір науқастан індетті 12-18 адам жұқтыруы мүмкін. Ғалымдардың көпжылдық зерттеулері қызылшаға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін халықтың 95%-ы егілуі тиіс екенін көрсетті.
COVID-19 қызылшаға қарағанда аз жұғады, бірақ өлім деңгейі жоғары. Кейбір ғалымдардың пікірінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 60-70%-ында антиденелер болуы керек.
«ДДСҰ ауруды халық арасында тарату арқылы емес, вакцинация арқылы «ұжымдық иммунитетке» қол жеткізуді қолдайды, өйткені бұл ауру жұқтыру жағдайларына және өлімге әкелуі мүмкін», – делінген ДДСҰ сайтында.